Тоқаев: Сайлауды әділ өткізу — басты ұстанымым

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда өтетін сайлауды ашық әрі әділ өткізуді қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Twitter парақшасында жазды.
«Сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету – басты ұстанымым. Сайлаудың дәл осындай сипатта өтетініне кәміл сенемін» деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.
Қазақстан президентінің айтуынша, барлық мемлекеттік органдардың күш-жігері әділ сайлау үшін жұмылдырылады.
«Азаматтық қоғамның қатысуы – ашық сайлаудың кепілі. Сайлау – қақтығыс алаңы емес, тұғырнамалар бәсекесі. Ұлт бірлігі – бәрінен қымбат» деп жазды Тоқаев.
Тоқаев 9 сәуірде кезектен тыс президент сайлауын жариялаған сәтте де сайлаудың әділ өтетініне кепілдік беретінін айтқан. Кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 маусымдағы сайлауға кандидат ретінде ұсынған.