Тоқаев ресми сапармен Душанбеге барды

0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 19 мамырда ресми сапармен Душанбеге барды. Душанбенің халықаралық әуежайында қазақ лидерін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон күтіп алды.

Бұл Тоқаевтың Тәжікстанға екінші сапары. Бірінші рет 2019 жылдың маусым айында Душанбеде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары келісімінің саммитіне қатысқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік-қырғыз шекарасында болған, 50 адамның ажалы мен жүздеген азаматтың жаралануына апарып соққан қақтығыстан кейін мамырдың басында Тәжікстанға шақырту алды. Тоқаев 28-30 сәуірде Ферғана алқабында өткен қарулы қақтығысқа байланысты алаңдаушылық білдіріп, екі жаққа да тиімді шешім іздеп, тараптардың өзара сенімін қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты. 3 мамырда Тоқаев қос мемлекет басшысымен сөйлесіп, оларды ұстамды болуға үндеді.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Душанбеге ресми сапардың алдында Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон әріптестік мәселесін талқылайтынын, «Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін» хабарлады.