Тоқаев Ресей президентімен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Владимир Путинге сынама-жүйесінің 4 мың жиынтығын бергені үшін ризашылығын білдірді
НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекеттер басшылары шекаралас елдердегі коронавирустың таралуына тосқауыл қою жөніндегі іс-қимылдарға қатысты мәселелерді талқылады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Ақордада Ресейдің жаңа премьерімен кездесті
Президенттер Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің белсенді байланыстарын атап өтіп, екі елдің атқарушы органдары іс-әрекеттерінің үйлесімділігін күшейтуге байланысты ортақ пікір айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге сынама-жүйесінің 4 мың жиынтығын бергені үшін ризашылығын білдірді. Ресей президенті өндірістің ұлғаю мүмкіндігіне қарай гуманитарлық көмек ретінде берілетін сынама-жүйесінің жиынтықтар санын арттыра түсетінін жеткізді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Ресей арқылы келетін және шекаралық аймақтағы Қазақстан азаматтарының қайтуына ықпал етуді сұрады. Владимир Путин туындаған мәселені шешуге Ресей үкіметі көмектесетінін айтты», — делінген хабарламада.
Ресей президенті сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің және Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзара іс-қимылдарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесін конституциялық реформалардың табысты жүзеге асырылуымен құттықтап, жалпыұлттық дауыс берудің оң нәтиже беретініне сенім білдірді.
sputniknews.kz