Тоқаев: Қызылордалықтардың жалақысын өсіру – облыс әкімінің басты міндеті — Қазақстан жаңалықтары

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына барған сапарында өңір жұртшылығымен кездесті. Жиынға өңірдің зиялы қауым, ардагерлер мен жастар өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Өз сөзінде Тоқаев қызылордалықтардың жалақысын өсіру үкімет пен облысы әкімінің басты міндеті екенін атап өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы аймақтардан түсіп жатқан ұсыныстарды ескере отырып, өңірлерді дамытуға бағытталған арнайы кешенді мемлекеттік бағдарламаның іске қосылатынын айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс басшылығы шешуі тиіс бірқатар мәселелерге тоқталды.

«Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – үкімет пен облысы әкімінің басты міндеті! Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек», – дейді президент.

Мемлекет басшысы шетел компанияларында жұмыс істейтін отандастарымыздың мүдделерін қорғаудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар, облыстың әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталды.

«Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету үшін облыста Әлеуметтік жол картасы іске қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 миллиард теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Облыс әкіміне соларды уақтылы әрі тиімді жүзеге асыруды тапсырамын», – дейді Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы ауылдардың өсіп-өркендеуі агросектордың ілгерілеуіне септігін тигізетінін айтып, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды.

«Суармалы жерлерде су тапшылығы бар. Сондықтан, жаңа су қоймаларын салу қажет. Үкімет облыс әкімдігімен бірге аталған мәселені шешу үшін маған нақты жұмыс жоспарын ұсынсын. Бүкіл ел бойынша ауыл инфрақұрылымын жаңғыртатын кез келді. Жергілікті жолдардың, су құбырларының, электр желілерінің, мәдени-спорт кешендерінің бәрі жаңаруы қажет», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті өңірдегі экологиялық проблемаларға, соның ішінде, Арал проблемасына, айналасына зиянын тигізіп отырған мұнай-газ және уран қалдықтарына назар аударды.

«Экология – қызылордалықтарды толғандыратын мәселенің бірі. Халық Арал тағдырына алаңдайды. Елбасының бастамасы бойынша «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және Көкарал бөгетінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жандандыруға септігін тигізді. Тағы бір маңызды мәселе – бүгінде тұрғындарды мұнай-газ бен уранның зиянды қалдықтары алаңдатып отыр. Өңірдегі кәсіпорындарға жаңа технологиялар енгізіп, экологиялық қауіпсіздікті халықаралық стандарттарға сай ету қажет», – дейді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қызылорда өңірінің жұртшылығы атынан ардагерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, спортшылар сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Соңында мемлекет басшысы xалықтың әл-ауқатына қатысты мәселелердің барлығы жеке өзінің бақылауында болатынын айтып, жиынға қатысушыларды Қызылорда өлкесін дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін атсалысуға шақырды.

stan.kz