Тоқаев Қордайдағы жанжал кезінде адам шығыны болғанын айтты

0

8 ақпанда таңертең Қордайдағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев төбелес кезінде адам шығыны болғанын айтты.

«Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды. Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды» деді Тоқаев. Бірақ ол жанжалдан нақты қанша адамның қаза болғанын айтпады.

Бұған дейін жергілікті БАҚ жанжалдан кейін Қордай аудандық ауруханасына көп адам түскенін хабарлаған.

Тоқаевтың айтуынша, жағдайды полиция бақылауға алған. Оқиғаның себебін анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылып, оған премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жетекшілік етеді. Президент қаза болғандарды жерлеу мен зардап шеккендерге жергілікті әкімдіктің көмектесетінін айтты. Ол сонымен бірге «қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылады, жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап береді» деп тағы ескерткен.

Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жанжал болды. Жанжалдың неден шыққаны әзірге белгісіз. Полиция «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе бастады.

8 ақпанға қараған түні полиция жанжал болған аумақты қоршап, ол жаққа ешкімді өткізбеді.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq