Тоқаев қазақстандықтарға мәлімдеме жасайды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар эфирінен Қазақстан азаматтарына мәлімдеме жасайды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«9 сәуір күні Нұр-Сұлтан уақытымен 13.00-де Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарына мәлімдеме жасайды» деп жазылған Ақорда таратқан хабарламада.
8 сәуірде Тоқаев сенат спикері Дариға Назарбаеваны, премьер-министр Асқар Маминді, Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәмиді, мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божконы қабылдаған.
Бүгін, 9 сәуірде, Ақордада Тоқаев Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевті, Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Айқын Қоңыровты, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаевты қабылдады.
Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан.
Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен. Тоқаевтың орнына Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаев сенат спикері болып тағайындалған.