Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа жыл мейрамымен құттықтады

0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Жаңа жылға санаулы минут қалғанда Тоқаевтың құттықтауы мемлекеттік телеарналардан берілді.

Тоқаев аяқталып отырған жылды қорытындылаған сөзінде «Қазақстан тарихи дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Тұңғыш президент, мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлға, елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық жолы сақталды» деп мәлімдеді.

«Бүгінде әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан экономикамыз орнықты дамып келеді» деген Тоқаев өзі билікке келген уақыттың ішінде бюджет қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақыны, жәрдемақы мен студент стипендиясын көбейту туралы шешім қабылданғанын айтты.

«Мен ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғамымыздың дамуына жаңа серпін беруі қажет. Халық пен билік арасындағы диалогты күшейту үшін маңызды реформаларды ұсындық» деді президент.

Тоқаев «Қазақстанға дамыған, өркениетті елдер қатарына қосылудан басқа тура жол жоқ» деп мәлімдеді.

Биыл Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен соңғы отыз жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтан өзге адам құттықтады. Қазақстанда президент қызметі алғаш енгізілген совет дәуірінен, 1990 жылдың сәуірінен бері бұл лауазымды үздіксіз атқарып келген Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатып, орнына көп жылдан бері маңайында жүрген Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған, 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 70 пайызының қолдауына ие болған 66 жастағы Тоқаев Қазақстан президенті болып жарияланған. Бірақ бірқатар сыншылар Тоқаев бұрынғы президенттің саясатын жалғастырып, «орындаушы» міндетін ғана атқаруға келген деп санайды. 79 жастағы Назарбаев биліктегі «Нұр Отан» партиясының әрі Қазақстан президентіне мемлекеттегі маңызды лауазым иелерін тағайындауына келісім беретін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке әлі де ықпал ете алады. Билікті қолдайтындар мұндай пікірмен келіспейді.

Батыс бақылаушылары маусымдағы кезектен тыс президент сайлауында заңбұзушылық көп болғанын айтқан. Кезектен тыс сайлау кезінде оған қарсылық білдіріп, ал дауыс беруден кейін сайлаудың ресми нәтижесімен келіспей үкіметке қарсы наразылық шеруіне шыққандарды полиция күшпен таратып, ресми мәлімет бойынша, кемінде төрт мың адамды ұстаған.

Azattyq