Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Kznews.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

«Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан», — деп атап өтті президент.

Ол осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілгенін еске салды.

«Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында халқымыздың барлық сын-қатерден сүрінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгілейді. Біз бабалар аманатына адал боламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз», — деп жазылған құттықтауда.

Мемлекет басшысы халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсап, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындыратынына сенім білдірді. Әрбір отандасымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады.

«Біз бірге мақсатымызға жетеміз – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз. Байрағымыз көк аспанда асқақ желбіресін! Ұлттың рухы қашанда биік болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», — деп түйіндеді президент.

Фото: t.me/aqorda_resmi