Тоқаев қауіпсіздік сертификатын сынақтан өткізуге өзі бұйрық бергенін айтты

0
43

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 тамызда түнде Qaznet Trust Network қауіпсіздік сертификатын ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) өзінің тапсырмасы бойынша сынақтан өткізгенін, сынақтың сәтті аяқталғанын хабарлады.

Twitter желісінде бұған байланысты екі жазба арнаған президент біріншісінде елде Қазақстанның ақпараттық кеңістігін «сыртқы шабуылдардан» қорғау мақсатында «Киберқалқан» бағдарламасы аясында қауіпсіздік сертификаты сынақтан өткізілді деп жазды.

Екінші жазбада Тоқаев сертификаттың интернет-қолданушыларға ешқандай қолайсыздық келтірмейтінін және олардың қауіптенуіне негіз жоқ екенін жазды.

Дәл осы күні бірнеше сағат бұрын ҰҚК қауіпсіздік сертификатына байланысты арнайы мәлімдеме жасап, сертификаттың «сынақ» болғанын, 7 тамызда аяқталатынын хабарлаған. ҰҚК сертификатты өшіруге байланысты нұсқаулық жариялайтынын, алдағы уақытта «кибершабуыл жағдайында» пайдаланылатынын айтты. Қазіргі кезде ведомство сайты жабық тұр.

Биыл шілденің ортасынан бері қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан «интернетке кіру мәселесі туындамас үшін» арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған.

Сертификаттың ресми атауы – QazNet Trust Network. Операторлар мен Қазақстан билігі мұны «кибер шабуылды алдын алу шарасы» деп атаған.

Билік «сертификаттың кибершабуыл мен теріс контенттен қорғайтынын, оны орнату туралы түпкілікті шешімді әр азамат өзі қабылдайтынын» айтып келген. Бірақ QazNet сертификатынан бас тартқандар көптеген әлеуметтік желі мен пошта жүйесіне кіре алмағанын айтып шағымданған.

Биліктің сертификатты жаппай енгізу талпынысынан кейін Нұр-Сұлтан жергілікті және халықаралық ұйымдар мен белсенділердің сынына қалды.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік сертификаты неге күмән туғызады?

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер сертификаттан орнатқан соң «билік цензураны күшейтеді» деп қауіптенеді. Олар «билік осы сертификат арқылы әркімнің жеке ақпаратын бақылап отырғысы келеді» деп топшылайды. Кейбір белсенділер билік бастамасына наразылық білдіріп, жалғыз адамдық акция өткізген.

Azattyq