Тоқаев Қарағандыда жиын өткізді

0

Президенттің мемлекет реттейтін сатып алудың жағдайы мен отандық өнім экспортының көрсеткішіне көңілі толмады

НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Президент Қарағандыда еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы қазақстандық кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі, мемлекеттік сатып алу кезінде жергілікті үлес процентінің сақталмауы мен ұлттық брендті таныту жұмысын сынға алды.

«Біз әлемдік конъюнктураның нашарлаған жағдайында бәсекенің артқанын, сауда қақтығыстарының шиеленіскенін, жалпы жаһандық қарама-қайшылықтарды бақылап отырмыз. Біз көріп отырғандай, әлем бір орнында тұрмайды. Сондықтан, біз уақыттан қалып қоймауымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

​Президенттің айтуынша, индустрияландыру жылдары тартылған инвестиция көлемі 8 триллион теңге болатын 1 250 жаңа өнеркәсіп орындары пайда болған.

«120 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Қазақстанда бұрын өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды», — деді мемлекет басшысы.

Алайда президент экономика құрылымында түбегейлі өзгеріс байқалмайды деген баға берді. 10 жылдан астам уақыт бойы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыздың айналасында ғана болған.

Ал еңбек өнімділігінің өсімі жоспарланған 12 пайыздың орнына 4 пайызға ғана жеткен.

Президент мемлекет реттейтін сатып алудың жағдайын да сынға алды.

«Жыл сайынғы көлем — 10 триллион теңге. Қазақстанның үлесі 34 пайызды құрап отыр. Бұл дұрыс емес. Біз оның үлесін әлдеқайда арттыра аламыз», — деді Тоқаев.

Тоқаев тапсырмасы

Президент жағдайды кешенді түрде жақсарту керектігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдер дамытуы тиіс басты бағыттарды атады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бірінші кезекте отандық өнім экспортын дамыту керек.

«Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің 180-ге жуық тауар түрлерін экспорттайды. Бұл көрсеткіш Ресейде – 358, Беларусьте – 690, Қытайда – 1400, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша орташа көрсеткіш – 1950», — деді президент.

​​Президент отандық өнімге сапалы маркетинг керек екеніне баса назар аударды.

«Жалпымемлекеттік бренд базасында инвестициялық, туристік және салалық брендтер қалыптастыру жөніндегі тапсырма әлі орындалмаған. Мұндай ахуал отандық өнім үшін шатырлы брендтерді қалыптастыруда да байқалады», — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы үкіметке бренд қалыптастыру жөніндегі жұмысты екі ай ішінде аяқтауды тапсырды.



sputniknews.kz