Тоқаев Қарағанды облысының жолдарын жөндеуді тапсырды

0
22

Мемлекет басшысы моноқалалардың проблемасын да мәселе етіп көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды қаласына келіп, облыстың жұртшылығымен кездесу өткізіп жатыр.
Кездесуде ол Үкіметке облыстың жолдарын жөндеуді тапсырды.
«Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық.
Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалып жатыр. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын.
Сонымен бірге, «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек.
Сондай-ақ, «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет», – деді президент.
Кездесуде президент Қарағанды облысының еліміздегі урбанизация деңгейі ең жоғары өңір екенін, мұнда халықтың 80 пайызы қалада тұратынын, облыс тұрғындарының 40 пайызы ғана моноқалаларға қоныстанғанын айтып, шағын қалалардың проблемаларын мәселе етіп көтерді.
«Қала халқының тіршілігі ондағы ірі кәсіпорындарға тәуелді екені жасырын емес. Шағын қалалардан халық көшіп жатыр. Бұл – өзекті мәселе.
«Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек», –  деді ол.
Оның айтуынша, экономиканы әртараптандыру ісінде Балқаш өзгелерге үлгі бола алады. Мұнда ірі өнеркәсіп орындарымен қатар туризм саласын өркендетуге зор мүмкіндік бар.
«Шағын қалалардағы тағы бір мәселе – инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы. Бұл мәселенің шешімін табу үшін қомақты қаражат керек. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет.
Себебі, біздің азаматтарымыз қай қаланың тұрғыны болса да, таза, жасыл желекке толы, бақуатты, гүлденген ортада өмір сүруі керек. Оны қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті», –  деді мемлекет басшысы.