Тоқаев премьер мен бас прокурорды Ақордаға шақырды

0

Президентке Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобының жұмысы туралы баяндалды

НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті премьер-министр Асқар Мамин мен бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің 2020 жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және инвестиция тарту мәселесіне орай қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Мемлекет басшысына үкіметтің 2019 жылдың қорытындылары жөніндегі кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларының орындалуы жайында баяндалды.

«Сонымен қатар премьер-министр президентке Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жою жөніндегі үкімет комиссиясының жұмыстары туралы айтты», — деп жазылған хабарламада. 

Мемлекет басшысы сондай-ақ бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобының жұмысы туралы баяндалды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қордайдағы қақтығыс кімнің кесірінен болғанын айтты

Мемлекет басшысы бас прокурорға тергеу жұмыстарының әділ әрі жан-жақты жүргізілуін, қабылданған барлық шешімнің заңды болуын және кінәлілердің жазасыз қалмауын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Салдарынан 8 адам қаза болды. Кейін ауруханада тағы екі адам көз жұмды. Жүздеген адам жарақат алды. Қырғызстан жаққа өтіп, емделіп жатқандар да бар. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бес полицей жарақат алып, үшеуіне оқ тиді.

8 ақпанда Қордай ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді.

Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды

Мемлекет басшысы Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.

Сонымен қатар президент ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен алуды тапсырды.



sputniknews.kz