Тоқаев пен Путин маңызды мәселелерді талқыға салды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан мен Ресей көшбасшылары өзара сенім рухында екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарын одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты», — делінген бейсенбі күні таратылған хабарламада.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшылары үкіметтердің жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі тиімді өзара іс-қимылын атап өтті.
«Қасым – Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Қазақстан астанасында қазан айының ортасында өтетін ТМД, АӨСШК саммиттеріне, сондай-ақ «Орталық Азия-Ресей» Мемлекет басшыларының отырысына қатысуға келісім бергені үшін ризашылығын білдірді. Президенттер тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға келісті», — деп қосты Ақордада.
ҚазТАГ хабарламасы бойынша
Ақпарат: time.kz, Фото:vestikavkaza.ru