Тоқаев өзбекстандық БАҚ-қа сұхбат берді

0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапары алдында Өзбекстанның ұлттық ақпарат агенттігіне (УзА) сұхбат берді. Тоқаев екі ел арасындағы жағдайға тоқталып, әріптістікті дамыту жайын қозғаған.

Тоқаев сұхбатта «мемлекеттер арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда» елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың жетекші рөлін атап өткен. Бұған қоса, екі ел арасындағы маңызды міндеттерді айтқан.

«Қазіргі кезде басты міндет — сауда-экономикалық байланысты нығайтып, шекаралық әріптестікті кеңейту. Бұл салада екі мемлекеттің зор мүмкіндіктері бар. Екі ел үкіметі алдында 2020 жылға дейін өзара сауда-саттық көлемін 5 миллиард долларға жеткізу мақсаты тұр» деген Тоқаев.

Қазақстан президентінің пікірінше, «Қазақстан мен Өзбекстан арасында іс жүзінде конструктивті диалогсыз шешілмейтін бірде-бір мәселе жоқ».

14 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға тұңғыш мемлекеттік сапары басталады. Екі ел екінші президенттерінің алғашқы кездесуінде «маңызды» құжаттарға қол қойылатыны хабарланған. Сапарда әдеттегідей сауда, әлеуметтік-гуманитарлық мәселелерге қоса көлік-транзит мәселесі де талқыланбақ. Тоқаев сонымен бірге Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатыспақ.

Azattyq