«Тоқаев несиені кешіру туралы Жарлыққа қол қойды»
Әлеуметтік желіде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарының барлық қарызы мен несиелерін кешіру туралы Жарлыққа қол қойғаны жөнінде ақпарат тарады, – деп хабарлады zakon.kz.
Көптің талқысына түскен ақпаратқа Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли пікір білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарының несиелері мен қарыздарын кешіру туралы Жарлыққа қол қойғаны жөнінде ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарап жатыр. Мен бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдегім келеді», – деді ол агенттіктің тілшісіне.
Берік Уәли 2019 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша кепілдендірілмеген тұтынушылық несиелер бойынша қарызды өтеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетілгенін айтты.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, бұл акция бірреттік сипатта болды және келесіде жүзеге асырылмайды. Осылайша, бейнежазбада жарияланған Қазақстандағы жоспарланған несиелерді есептен шығару туралы мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Біз қазақстандықтарды қауесетке емес, тек ресми хабарламаларға сенуге шақырамыз», – деді Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.