Тоқаев Назарбаевтың стратегиясын жүзеге асыруға уәде етті

0

Маусымның 12-і күні таңертең Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіз сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Ол осыдан екі күні бұрын наразыларды жаппай ұстаумен ерекшеленген және батыс бақылаушылары заң бұзу фактілері көп болды деп бағалаған сайлауда жеңіске жеткен болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев үш айға жетпейтін уақыт ішінде осымен екінші рет ант берді. Бұған дейін наурыздың 19-ында Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен президент қызметінен кеткеннен кейін орнына сол кездегі парламент сенатының төрағасы Тоқаевты қалдырған еді. Наурыздың 20-ы күні президент ретінде алғаш рет ант берген Тоқаевтың ұсынысымен Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент сенатының төрағасы болып бекітілген.

Сәрсенбі күні Тәуелсіздік сарайына жиналған парламент депутаттары, үкімет мүшелері мен президент әкімшілігінің лауазымды қызметкерлері және өзге де шенеуніктер таңертеңгі сағат 11-ден бес минут кеткенде әуелі Нұрсұлтан Назарбаевты тік тұрып, қол соғып қарсы алды. Назарбаев залдың алдыңғы қатарына дәл ортасына қойылған, басқа орындықтардан түсі де, формасы да өзгеше орындыққа жайғасты.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне келген сәті. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне келген сәті. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.

«ЕЛБАСЫНЫҢ САРА ЖОЛЫМЕН»

Ұлықтау рәсіміндегі сөзін бұрынғы президент Назарбаевтың заңда бекітілген мәртебесін атап бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 9-ы күні кезектен тыс өткен президент сайлауында өзіне қолдау көрсеткен сайлаушыларға алғысын жеткізді. Ол сайлаудың «әділ» және «демократиялық принциптерге сай» өткенін айтты.

«Ел азаматтары елбасы стратегиясын қолдап дауыс бергенін атап өтуге тиіспіз» деген Тоқаев сайлаушылардан «елбасының сара жолын» жалғастыру туралы ұсыныс, тілектер көп түскенін айтты.

«Дамыған Қазақстан ең алдымен елбасының арқасы» деген Тоқаев Назарбаевты Қазақстан тәуелсіздігінің бастауында тұрған «ұлы тұлға» деп атады.

«Мен елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтін боламын» деп уәде берді. Тоқаев ұлықтау рәсіміндегі сөзінде «өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу», «әлеуметтік саясатты жаңарту», «іскерлік белсенділікті ынталандыру», «орта тапты қалыптастыру» туралы уәделер айтылды. Қазақстанның екінші президенті қоғам бірлігін қамтамасыз ету және елдің мүддесін қорғауды мақсат етіп қоятынын айтты.

«Билік халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, жергілікті жерлердегі проблемаларды шешуге, азаматтар алдында тұрақты есеп беруге міндетті. Құр уәде бермей, жұмыс тындыруы керек. Үкімет мүшелері мен әкімдер осы ережені ұстануы тиіс» деді ол.

Президент елдегі әлеуметтік проблемалардың бірі — тұрғын үй мәселесін шешу жайлы да айтты.

«Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына ерекше назар аударамын. Біз бірыңғай тұрғын үй саясатын жасаумыз керек. Үкімет нақты шаралар қабылдайтын болады» деді Тоқаев.

Оның сөзінше, жұрт әділдікті, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуін, ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты азайған табысының көбеюін қалайды. Тұрғындардың көпшілігінің тілегі ескерілуі тиіс екенін айтқан ол көпшілікті Ұлттыққ қоғамдық сенім кеңесі аясында диалог құруға шақырды.

Azattyq