Тоқаев мұғалімдердің алдында сөз сөйледі

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

Мемлекет басшысы жастарды тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуге шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Бұл туралы бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тағы оқыңыз: Тоқаев мұғалімдердің жалақысын екі есеге өсіруді тапсырды

Тоқаев ұстаз әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға екенін атап өтті. 

«Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан, болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Ата-баба аманат етіп кеткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Өскелең ұрпақ тәуелсіздік туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс», — деді президент тамыз конференциясында.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкеледі.

«Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс», — деді ол.

Тоқаев мұғалімдерді қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуға шақырды.

«Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгерілеуіміз керек. Сондықтан білімі мен ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. «Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті», — деді президент.

Мемлекет басшысы лайықты азамат бұл білімді, отанына адал, елін жерін сүйетін адам екенін қадап айтты.

«Бұл әлемде Қазақстаннан басқа отанымыз жоқ. Елін сүйетін ұрпақты тәрбиелеу –  ұстаздардың мақсаты», — деді Тоқаев.



sputniknews.kz