Тоқаев мұғалімдерді еркінен тыс жұмысқа жегетін әкімдерді сынады

0

16 тамызда Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Тамыз конференциясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартатын әкімдерді сынады.

«Жергілікті әкімдер қызметін асыра пайдаланып, мұғалімдерді білім жүйесіне қатысы жоқ әкімшілік істерге, бір реттік шараларға тартады. Бұл әрекет тоқтар емес» деді ол.

Тоқаев жиында мұғалімдерге артылатын жұмыстар көбейгенін, мектеп төмен нәтиже көрсетсе, мұғалімдер басшылық тарапынан қысымға ұшырайтын айтты. Ол Үкіметке осы мәселені тез арада шешуді жүктеді. Тоқаев Нұр-Сұлтандағы жиында Үкіметке алдағы төрт жылда мұғалімдердің айлығын екі есеге өсіруді тапсырды.

16 тамызда Нұр-Сұлтанда әр жыл сайын өтетін мұғалімдердің Тамыз конференциясы басталды. Шараға Қазақстанның әр аймағынан екі мыңнан астам мұғалім қатысып жатыр.

Қазақстанда мұғалімдер міндетінен тыс жұмысқа жегілетіндерін, директорлар мемлекеттік газеттерге қинап жаздыратынын айтып, жиі шағымданады. 2017 жылы елдегі мұғалімдер Астанадағы ЭКСПО көрмесіне күштеп билет алғандарын жеткізген.

2015 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы мұғалімдер Азаттыққа Қазақстан президентін сайлауы алдында көше тазалауға бір аптаға сенбілікке шыққандарын айтқан.

Оқи отырыңыз: Мұғалімдер шөп орып, көше тазалағанын да айтады

Алматы облысының Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің мұғалімі Айман Сағидулла да бірнеше рет еркінен тыс сенбілікке шыққанын, сайлау кезінде әр үйді аралап, ауыл тұрғындарын сайлауға шақырғанын айтқан. Ол «өзіне қысым жасаған» мектеп директорымен соттасып, жеңген.

Шымкенттің Еңбекші аудандық сотының судьясы Света Нұрбекова №38 мектептің мұғалімі, «міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін» айтқан Гүлжан Сәлімбаева мектеп басшысын сотқа берген. Бірақ сот оның шағымын қанағаттандырмаған.

Қазақстанды 30 жыл басқарып, биыл президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев та бұған дейін бірнеше рет «жергілікті биліктің барлық жұмысты мұғалімдер мойнына артып қоятынын» сынаған.​ Парламентте де депутаттар бұл мәселені көтерген. Бірақ мұғалімдер әлі күнге дейін еркінен тыс жұмысқа жегіледі.

Биыл маусымда үкімет «Педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қоғамдық талқыға шығарған. Жобада «педагогтің ар-намысы мен абыройын кемсіткендерге жүз айлық есептiк көрсеткiш (1АЕК = 2525 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу» қарастырылған. Бұл заң жобасы қазір қандай процесте екені белгісіз.

Azattyq