Тоқаев көпбалалы отбасыларға пәтер бөлуді жеделдетуді тапсырды — Қазақстан жаңалықтары
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдерімен және облыс басшыларымен кеңес өткізді. Кеңесте президент тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтер беру мәселесін жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап Stan.kz.
Ақордадағы кеңес барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған әлеуметтік тұрғыдан әділетті ел құру бағытын жалғастыруды міндеттеді. Соның ішінде президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлерді беру мәселесін жеделдетуді және бұл үдерісті биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді.
Сонымен қатар Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселелерді шұғыл шешудің маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы тиімді байланыстарды жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттік органдар тарапынан коммуникацияның заманауи арналарын пайдалана отырып, тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді. Президент өңір әкімдерінің халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тиіс екенін де айтты.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz