Тоқаев «Көкжайлау» жобасын кейінге қалдыру ұсынысын қолдады

0

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында «Көкжайлау» курортының жобасын кейінге қалдыру шешімін қолдайтынын мәлімдеді.

«Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты жобасын сарапшылар мен қала тұрғындарының пікірін ескеру үшін кейінге қалдырды. Бұл шешімді қолдаймын. Мұндай маңызды мәселеде асығыс шешім қабылдауға болмайды» деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.

8 сәуірде өткен қоғамдық кеңес отырысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек «сарапшылар пікірін қарап, жаңа орын іздеп, жобаны дамыта түсу үшін» «Көкжайлау» курортының құрылысын кейінге шегеруді ұсынған.

Алматыға жақын «Медеу» мұз айдынынан төрт километр қашықтықта орналасқан шатқалға курорт салу жобасы 2002 жылы көтерілген. Алматы билігі оның тау экожүйесіне зиян келтірмейтінін айтады. Қалалық әкімдіктің пікірінше, жоба туризмді дамыту үшін өте маңызды.

Көкжайлауға курорт салуға қарсы қоғамдық экологтардың шағымы бойынша сотта бес іс қаралды. Прокуратураға жиырмадан астам арыз түсті.

2017 жылы Орхус конвенциясын сақтау мәселелері жөніндегі комитет «Қазақстанның жобаны талқылауға қоғам өкілдерін қатыстыру ісінде Конвенция талаптары мен жергілікті заңнаманы сақтамаған» деп мәлімдеген.

2018 жылы күзде Алматы қаласы әкімдігі бастапқы жобаны қайта қарап, ықтимал құрылыс аумағын 14 есе қысқартқан. Бірақ қоғам өкілдері билік жоспарымен әлі де келіспейді. Олардың айтуынша, қонақүй, кафе, инфрақұрылым нысандарын салу таудың экологиялық жүйесіне үлкен зиян келтірмек.

Azattyq