Тоқаев кейбір басшыларды шегірткеге теңеді

0
13

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Президент кейбір мемлекеттік қызметкерлер ескі жүйеден шыға алмай, елдегі жаңғыру процестерін тежеп отырғанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіндегі «командамен ауысу» проблемасын қозғады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің айтуынша, мемлекеттік қызметте «командамен ауысу» әлі де өте өзекті мәселе болып отыр.

«Мемлекеттік органдардағы ауысу көрсеткіші, жалпы алғанда, норма шегінде – 6-10%. Шын мәнінде, министр немесе әкім ауысқан кезде, кадрлық құрам да әжептәуір өзгеретіні баршаға аян», – деді Тоқаев.

Президент мемлекеттік басқару жүйесінде меритократия принциптері үнемі сақтала бермейтінін атап өтті.

«Әлі күнге дейін қызметте таныс арқылы, ықпалды қамқоршылар арқылы көтерілу жағдайлары кездеседі. Бұл шындық қой. Мұны бәріміз де білеміз. Бұған жол беруге болмайды. Мұндай жүйені қатаң сынға алып, анализ жүргізген жөн. Қоғамның пікірін де ескеру қажет», – деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, кейбір мемлекеттік қызметкерлер ескі жүйеден шыға алмай, елдегі жаңғыру процестерін тежейді.

«Ведомстволар мен бөлімшелердің басшылары шегіртке сияқты бір қызметтен басқасына секіріп жүр. Сол себепті Қазақстанға қоғамның талаптарына жауап беретін тиімді әрі әділ мемлекеттік басқару моделі қажет», – деді президент.

Осы жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер саны қысқарады – Тоқаев

Айта кетсек, Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік жастар кадрлық резервімен кездесті.

Президенттің кадрлық резерві мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жастарды тарту үшін құрылды. Алғашқы тізімге 300 адам еніп отыр.

Кадрлық резервтің мақсаты – білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру және жастар үшін әлеуметтік сатының ұтымды жүйесін құру. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдар босай қалған жағдайда, президенттік резервке іріктелген жастардың кандидатурасы қаралады.



sputniknews.kz