Тоқаев карантинге байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады
Мемлекет басшысы індетке шалдыққан азаматтар саны азаймай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Коронавирустың екінші толқынының қауіпі сейілмегенін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды карантин режимін сақтауға шақырды.
«Отандастарымызды жаппай ауруға шалдығудан қашып, індеттен қорғанудың жолдарын (арақашықтықты сақтау, дезинфекция, жеке тазалық, бетперде тағу) ұстануға тағы да шақырамын», — деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.
Ол үкіметтік комиссияның барлық іс-әрекетіне қарамастан, індетке шалдыққан азаматтар саны азаймай отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Мемлекет басшысы коронавирустың екінші толқынының қаупі сейілмегенін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да растап отырғанын атап өтті.
Соңғы ақпарат бойынша барлығы елде 12 067 адам вирус жұқтырған. 6 240 тұрғын жазылып шықты, 48 адам көз жұмды.
sputniknews.kz