Тоқаев ірі бизнесмендермен кездесіп, оларды аурухана мен жайлы мектептер салуға шақырды

0

Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлермен өткен маңызды басқосуда Тоқаев бизнес саласының өкілдерін халықтан алшақтамауға шақырды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған K.

Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерін қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуде шет қалмауға шақырды. «Адами капиталға, атап айтқанда, заманауи балабақшалар, жайлы мектептер, ауруханалар, іргелі университеттер салуға, туризмді дамытуға инвестиция құю да маңызды. Сіздер қайырымдылық істер жасауды жалғастыра беретіндеріңізге сенімдіміз. Қазір елімізде мектептердің, студенттер жатақханаларының, жастарға арналған спорт ғимараттарының тапшылығы сезіледі. Сіздердің көмектеріңіз ел үшін елеулі болар еді», – деді президент.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев салалық саясатын, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін, құрылыс саласын, көлік-логистика секторын дамытуға қатысты әдістерді қайта қарау маңызды деп санайды. «Біздің алдымызда биліктің, қоғам мен бизнестің күшін біріктіру арқылы ғана орындауға болатын орасан зор міндет тұр. Оған қоса, 21 қаңтарда өткен кездесу барысында мен айтқан мемлекет пен бизнестің өзара іс-әрекет қағидаттары өзгермейтінін тағы да нақтылаймын.

Естеріңізге сала кетейін, бұл – адал бәсекелестік, қабылданатын шешімдердің ашықтығы, мемлекеттік саясаттың болжамдылығы, бизнестің салыққа адалдығы, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі», – деді мемлекет басшысы.