Тоқаев Еуразияның заңгер-ғалымдарын ынтымақтастықты дамытуға шақырды

0

Астана, BAQ.KZ. Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қара теңіз-Каспий өңірі елдерінің Заңгерлер қауымдастығының төрағасы Ильгам Рагимов және бір топ қазақстандық және ресейлік заңгер-ғалымдармен кездесу өткізді.

Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнінің қарсаңында өткізген бұл кездесу кездейсоқ емес екенін айта келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігінде көпшілікке мойындалған интеграциялық үдерістерді қалыптастырушысы әрі сәулетшісі екенін ерекше атап өтті.

Құқықтық реформалар, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарындағы өзгерістерге тоқталған Сенат Төрағасы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары туралы бастамасы аясында Қазақстан қылмыстық, қылмыстық-процестік және азаматтық-процестік заңнамасын жаңартылғанын хабардар етті.

Қ.Тоқаевты айтуынша, сонымен қатар заңнаманы одан әрі жетілдіруді және бұрынғы тәсілдерді қайта қарауды қажет ететін күрделі мәселелер бар.

«Парламент депутаттарының және заңгер-ғалымдардың басты мақсаты – халықтың сот жүйесіне және жалпы мемлекетке деген сенімін арттыру. Біздің алдымызда қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың логикалық өзара байланысы мен бірізділігін қамтамасыз ету міндеті тұр», — деді Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев қылмыс деңгейін барынша азайту заңнама мен құқық қолдануды жетілдіруге ғана байланысты емес, сондай-ақ дүниетаным мен адамгершілік мәселелерін шешуге де байланысты екенін айтты. Осыған байланысты, оның пікірінше, көрнекті заңгер-ғалым И.Рагимовтың «Қылмыс пен жазаның философиясы» атты кітабы зор ықылас туғызады.

«Автор адамгершіліктің іргелі категорияларының ұстанымдары тұрғысында заң жүзінде және ғылымда да заң шығарудың негізінде болуы тиіс қылмыс мәселесін нақты талдады», — деді Сенат Төрағасы кітапты талқымастан бұрын.

Сөз алған И.Рагимов кездесуге қатысушыларға монографиясының мазмұны туралы айтып, оның қазақ тіліндегі нұсқасын ұсынды.

Талқылауға Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, сенатор Дулат Құстаулетов, И.А.Бунин атындағы Елецк мемлекеттік университетінің профессоры Юрий Голик, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі Ғарифолла Есім, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Александр Коробеев, «Қазақстанның заңгерлер кеңесі» РҚҚ төрағасы Серік Ақылбай мен танымал құқықтанушы Есберген Алауханов қатысты.

Сенат Төрағасы кездесуді қорытындылай келіп, елдеріміздің заңгер-ғалымдарының ынтымақтастығы табысты әрі жүйелі болатындығына, ал зерттеу қорытындылары заңнаманы жетілдіру жұмысына демеу болатындығына сенім білдірді.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ