Тоқаев: Елімізде «митингшілдік» белең алуда
Бүгін «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында мемлекет басшысы Қазақстандағы митингтер туралы сұраққа жауап берді.
«Бейбіт жиындар мен митингтерге қатысу – Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы. Ата заңымыздың кепілі ретінде азаматтардың құқығын толық қамтамасыз ету – менің міндетім» деді Қ.Тоқаев.
«Соңғы кездері елімізде «митингшілдік» белең алуда. Көбінесе азаматтарымыз сырттағы біреулердің арандатушылық ұрандарына еріп жүр. Бұл – аймақтық бәсекелестік күшейіп келе жатқан халықаралық аренада Қазақстанды ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр.
Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең ірі мемлекеттер. Екі ел арасында кең ауқымды ынтымақтастық артып келеді. Бұл жерде экономикалық бәсекелестіктің де болатынын жоққа шығармаймыз. Осы жағдайларды әрқашан есте ұстау керек. Қазақстан өзінің көшбасшылық позициясын сақтап қалуға міндетті. Ол үшін елімізде тұрақтылық болуға тиіс. Егер ішкі мәдениетімізге салсақ, ол тұрақтылықты күштік құрылымдар емес, бірінші кезекте халықтың өзі қамтамасыз етуі қажет» деді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.