Тоқаев дезинфекция жасап жүрген жігітті таныды

0

Әкімдік алаңында мерекелік шара өтіп, бірқатар азаматқа әскери шен тапсырылды. Олардың ішінде дезинфекцияда жүрген әнші, артынан боксшы болып кеткен Ибрагим Ескендір де бар

НҰР-СҰЛТАН, 7 мамыр – Sputnik, Арман Асқар. Қазақстанда карантин басталғалы дезинфекциялық шаралар күшейді. Оған қалалық қызметтер, әскерилер, әскери міндеттілер, тіпті өрт сөндірушілер де тартылды. Sputnik Қазақстан тілшісі астанадағы дезинфекциялық шаралармен танысып, коронавирусты жұқтыру қаупіне қарамастан, осы жұмысқа өз еркімен барған жігіттермен тілдесіп қайтты.

Тоқаев кімді таныды?

Нұр-Сұлтанда наурыздан бері адам көп шоғырланатын жерлерде, тұрғын үй кешендері мен алаңдарда дезинфекция жұмыстары жүргізіліп келеді. Арасында ауқымды дезинфекция да жасалады. Оған жүздеген адам мен ондаған техника шығарылады. Сауда орындары, шағын дүкендер, мешіттер, кіреберістер мен лифттер залалсыздандырылады.

Мамандардың айтуынша, залалсыздандыру құралдарының адам мен жануарға зияны жоқ. Оны дезинфекцияда жүрген жігіттер жақсы біледі. Дегенмен, далада жүргеннен кейін инфекцияны жұқтыру қаупі бар екенін де түсінеді. Соған қарамастан, күнде көшеге шығып, халықтың қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жатыр. Олардың ішінде өз еркімен келгендер де жоқ емес. Сондай жігіттердің біреуін президент Қасым-Жомарт Тоқаев теледидар арқылы таниды екен. Мемлекет басшысына дезинфекция шараларын таныстыру кезінде Тимур Сыпатаев бетпердемен тұрған. Бірақ Тоқаев оны бірден танығанын айтты.

Тимур Сыпатаев – қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Азияның екі дүркін чемпионы. Үш тағандап шегеге тұрып, кеудені жерден көтеруден Қазақстанның рекордтар кітабына енген. Қарулы күштердің қатарында 16 жыл қызмет етіп, капитан шенімен запасқа шыққан. Ал төтенше жағдай кезінде арнайы жиындардың басталғанын естігенде бірден өз еркімен коронавируспен күрес шараларына аттанды.

«Сәуірдің басында әлеуметтік желілер арқылы президенттің жарлығы жайында естіп, арнайы жиындарға қатысуға шешім қабылдадым. Елорданың қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы 100 адамдай әскери міндетті атқаруға тартылды. Бәріміз өз еркімізбен келдік. Ешкім барсын деп айтқан жоқ, ешкім қинаған жоқ. Негізі, әрбір ер азамат жасы 18-ден асқаннан кейін елін, жерін қорғауға дайын болуы керек деп ойлаймын. Бұл – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Мен бармасам, сіз бармасаңыз, Отанды кім қорғайды?», – деді Сыпатаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

«Көңілі толмайтын адамдар да кездеседі»

Әскери міндеттілерді үш бағыт бойынша бөлді. Соның ішінде орталық штабтың жұмысы, дезинфекция және блок-бекеттер бар. Тимур Сыпатаев дезинфекция шараларын таңдады. Бүгінде оны дезинфекция орталығының басшылығына бекітіп қойған. 

«Басында он екі бала болдық. Сөйтіп, бір үйдің балаларындай жұмыс істедік. Артынан тағы адам қосылды. Қазір мен дезинфекция орталығының басшысы болдым. Қарауымда – 36 жауынгер. Біз Сарыарқа ауданы бойынша дезинфекция жасаймыз», – дейді Сыпатаев.

37 жастағы спортшы дезинфекция шараларының қалай атқарылатынын да айтып берді.

«Біз тұрғын үй кешендеріне, соның ішінде кіреберістерге, баспалдақтарға, есіктерге, балалар ойнайтын аулаларға дезинфекция жасаймыз. Арқамызда 25 келілік арнайы құрылғы бар. Таңертең шыққанда қорғаныс заттары – арнайы киім, көзілдірік пен қолғапты киеміз, одан кейін сапқа тұрып, нұсқау алғаннан кейін көшеге шығамыз. Сағат 13:00–14:00 аралығында түскі ас беріледі, одан кейін кешкі 19:00-ге дейін өз міндетімізді атқарамыз», – деп атап көрсетті Сыпатаев.

Оның айтуынша, жұмыс істеп жүргенде қала тұрғындары өз ризашылығын білдіріп отырады. Дегенмен, дезинфекцияға көңілі толмайтын адамдар да кездеседі. 

«Енді, елден көбінесе бата алып жатамыз. Кейде ұрсады, кейде дұрыс жасамадыңдар деп ренжиді. «Бір жерде көп құйдыңыз, бір жерде аз құйдыңыз» дейтіндер де болады. Шала жасадыңыздар деп айтатындар да бар. Дегенмен, осы індетті ақырындап жеңіп жатырмыз деп ойлаймын. Өз басым жігіттерге ризамын. Барын салып, елдің қауіпсіздігі үшін жұмыс істеп жатыр. Бізге 11 мамырға дейін деп айтқан. Енді, аяқталып қалатын шығар», – дейді Сыпатаев.

Тимур үйленген, екі баласы бар. Қазіргі кезде әскери қызметті жалғастыруға қатысты ұсыныстар түсіп жатыр.

Әскери шен берілді

Бұған дейін арнайы жиындарға шақырылған әскери міндеттілерге шендер берілетіні жайында айтылған. Бүгін әкімдік алаңында мерекелік шара өтіп, бірқатар азаматқа әскери шен тапсырылды. Олардың ішінде дезинфекцияда жүрген әнші, артынан боксшы болып кеткен Ибрагим Ескендір де бар. Ол запастағы лейтетенант болған. Бүгін аға лейтенат дәрежесін алып отыр.

«Аллаға шүкір, біз президенттің жарлығынан кейін арнайы жиындарға өз еркімізбен келіп, Отан алдындағы борышымызды қолымыздан келгенше өтеп жатырмыз. Бүгін мереке аясында қорғаныс министрі мен қала әкімі келіп, әскердегі азаматтардың еңбегін бағалап жатыр. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе, үлкен қуаныш. Аға лейтенант шеніне ие болдым. Барша қазақ елін Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!», – деді Ескендір Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Нұр-Сұлтан қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметіне сәйкес, арнайы жиындарға запастағы офицерлер мен сержанттардың қатарынан 150 адам шақырылды. Алайда өз еркімен келгендердің саны әлдеқайда көп болды.

«Басында біз 100 әскери міндеттіні шақыруды жоспарладық. Алайда арнайы жиындар туралы ақпарат тарап кеткеннен кейін, шамамен, 400 адам өз еркімен келді, медициналық тексерістен де өтіп алды. Олардың қатарынан алдымен 100 адам, одан кейін тағы 50 адам арнайы жиындарға жіберілді», – дейді департаменттің баспасөз хатшысы, отставкадағы полковник Ғани Артықов.

Дезинфекцияға өрт сөндірушілер де қатысады

Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай аясында ауқымды дезинфекция да атқарылады. Оған өрт сөндірушілер тартылады.

Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша әрбір машинаға 5-8 тонна дезинфекцилық ерітінді құйылады. Өрт сөндіру техникасының көмегімен оны 6 метр биіктікке дейін шашуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, көліктер жан-жағына және артына химиялық реагентті шашып өтеді.

Әкімдік мәліметіне сәйкес, күн сайын қала аумағын өңдеуге 500-ден астам адам шығады. Дезинфекциялау шараларына әскери қызметкерлер мен әскерге шақырылғандар да қатысады.

 Алдағы уақытта төтенше жағдайды алып тастаса да, дезинфекциялық шаралар жалғаса береді.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз