Тоқаев Цойға коронавируспен күреске байланысты жаңа тапсырма берді

0

Елорда мен республиканың жеті өңірінде демалыс күндеріндегі карантин шаралары қатаңдату туралы шешім қабылданған болатын

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа денсаулық министрі Алексей Цойға COVID-19-бен күресудің қосымша шараларын әзірлеуді тапсырды.

«Үкіметке және Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшылығына келесі аптада коронавирус жағдайын тұрақтандыру, оның одан әрі таралуына жол бермеу, ауруханалар мен емханалардағы азаматтарға көрсетілетін қызметті жақсарту жөнінде қосымша шаралар әзірлеп ұсыну тапсырылды», -деп жазды ол өзінің Twitter парақшасында.

Кеше, 25 маусым күні денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов отставкаға кеткен болатын. Премьер-министр ведомствоның жаңа басшысы Алексей Цойды таныстырды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары қызметіне Марат Шоранов тағайындалды.  Ал вице-министр Лязат Ақтаеваның орнына үкімет қаулысымен Ажар Гиният тағайындалды.

Айта кетсек, елорда мен республиканың жеті өңірінде алдағы демалыс күндерінде карантин шаралары қатаңдату туралы шешім қабылданды.

26 маусымдағы ақпарат бойынша елде 19 750 адам коронавирус жұқтырған.

Sputnik