Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке көңіл айтты
Қысқа сілтеме алу
Қазақстан президенті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке көңіл айту жеделхатын жолдады
НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Бенгазидегі жарылыс салдарынан қаза тапқан БҰҰ-ның Ливиядағы миссиясы қызметкерлерінің отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда.
«Бұл зұлымдыққа толы лаңкестік шабуыл ізгілік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптейтін қасиетті мұсылман мерекесі – Құрбан айт қарсаңында жасалғаны аса жантүршігерлік жағдай болып табылады. Әлемдік қауымдастықтың зорлық-зомбылыққа қарсы бірлескен және батыл күреске шақыратын үндеуін берік қолдай отырып, Қазақстан лаңкестіктің ешқандай түрі мен көрінісін қабылдамайды», — делінген жеделхатта.
Сондай-ақ, президент БҰҰ қызметкерлерінің жаһандық ұйымның игі мақсаттарына қол жеткізу жолындағы қызметін жоғары бағалайтынын айтқан.
Еске сала кетсек, 11 тамыз күні Ливияның Бенгази қаласында жарылғыш зат орнатылған көлік жарылып, салдарынан БҰҰ-ның үш қызметкері қаза тапты. Сондай-ақ бірнеше адам түрлі жарақат алды.
sputniknews.kz