Тоқаев: Бізге надандықтан құтылу қажет
Мемлекет басшысы қазаққа даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет екенін мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір — Sputnik. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан жастарымыз талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл секілді қасиеттерді бойына сіңрсе, еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болады. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне берген сұхбатында айтты.
Президент журналистің «ХХІ ғасырдағы қазақтың кердең мінезіне нені жатқызар едіңіз?» деген сұрағына «Даңғазалық, ысырапшылдық», — деп жауап берді.
Оның пікірінше, қазаққа даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет.
«Осы туралы бұрынырақта, әлеуметтік желіде пікірімді де жаздым. Ұлы Абай «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды» дейді. Бізге надандықтан құтылу қажет», — дейді Тоқаев.
«Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік, ұлттық ұстанымға адал, білімді, өткір, отаншыл жастарымыздың тұтас бір буыны қалыптасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Олар Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса – онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!», — деп түйіндеді мемлекет басшысы.
sputniknews.kz