Тоқаев бірқатар лауазымды тұлғаға қатаң сөгіс жариялады

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Қазақстанның Қарулы күштері жүйесінен шығарылды

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Арыстағы жарылысқа жол бергені үшін лауазымды тұлғаларға қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысының өкімінде айтылғандай, лауазымды тұлғалар өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамаған және қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету жұмысында елеулі кемшіліктерге жол берген. Бұған қоса, Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасы тиісті деңгейде іске асырылмаған. Салдарынан Арыс қаласындағы әскери бөлімшедегі қару-жарақ жарылып, адам шығыны болған.

Тоқаевтың өкімімен бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы күштері жүйесінен шығарылды.

Сондай-ақ, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы Мұрат Бектановқа, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы болып қызмет атқарған Мұрат Майкеевке, қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды.

Тағы оқыңыз:  Тоқаев Арыстағы жарылысқа байланысты бас прокурорға тапсырма берді

Бұған дейін мемлекет басшысы қазіргі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялаған болатын.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген болатын. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні арыстықтар үйлеріне оралды.



sputniknews.kz