Тоқаев: Биліктің негізгі міндеті — адамдардың құқығын қорғау

0

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурызда Түркістанға сапары кезінде елде заң үстемдік құруы керектігін айтты.

«Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың негізгі мақсаты — азаматтардың құқығын қорғау. Мұндағы менің негізгі ұстанымым айқын. Бұл — заңның үстемдігі. [Қазақстанда] заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады» деді Тоқаев.

Қазақстанның уақытша президенті әкімдердің жылына бір ұйымдастыратын есеп беру кездесуін «көзбояушылық» деп сынады. Ол «әкімдер халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керектігін» айтты. Тоқаевтың сөзінше, елде жемқорлықпен күрес күшейе түседі.

23 наурызда Тоқаев Түркістан облысына іссапармен барған. Осы күні Ақорда сайтында Тоқаевтың «Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы» жарлығы жарияланды.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен.

Билік басына совет заманында көтерілген Назарбаев әуелі экономиканы дамыту саясатын ұстанатынын жиі мәлімдеген, бірақ халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары оны қоғамды демократияландыруды тежеді, отбасы мүшелерін мемлекет қызметі мен ірі бизнес саласына орнықтырды деп сынап келген.

Халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін адам құқығын көп бұзады деп сынайды. 22 наурызда Астана мен Алматыда полиция ондаған адамды ұстаған. Полиция адамдарды не үшін ұстап жатқанын айтпаған. Осы оқиғаны түсіруге барған Азаттық тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі келтірген.

Azattyq