Тоқаев Астана атауын өзгерту туралы жарлыққа қол қойды
Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы 23 наурызда Ақорда сайты хабарлады.
Жарлықта «Қазақстанның əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы заңының 9-бабына сəйкес қаулы етемін: Қазақстан астанасы — Астана қаласы Қазақстан астанасы — Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталсын» деп жазылған.
Конституциялық кеңес Тоқаевтың шешімі заңға сай келеді деп тапты. Енді Конституциядағы «Астана» деген атау «Нұр-Сұлтан» деп өзгереді.
Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен.
20 наурызда парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беріп, президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Ол «облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру керек» деді. Осы күні парламент Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдаған. Тоқаев ұсынысын Астана қалалық мәслихаты да қолдаған.
Билік басына совет заманында көтерілген Назарбаев әуелі экономиканы дамыту саясатын ұстанатынын жиі мәлімдеген, бірақ халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары оны қоғамды демократияландыруды тежеді, отбасы мүшелерін мемлекет қызметі мен ірі бизнес саласына орнықтырды деп сынап келген.