Тоқаев Аманхан Әлімнің отбасына көңіл айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

31 0 0

Ақын «Кездесу», «Жанымның жапырағы» , «Ай нұры алақанымда» жыр жинақтарының авторы. «Өткірдің жүзі», «Бес қоңырау», «Атақоныс» публицистикалық және өлеңдер жинағын шығарған

АЛМАТЫ, 27 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, сыншы Аманхан Әлімнің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.

«Ақын, сыншы, әдебиетші, публицист Аманхан Әлімнің қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Аманхан Әлімұлы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі еді»,- делінген жеделхатта.

Сонымен қатар президент Аманхан Әлімнің отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі жайлы айтты.

«Қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейінгі жолдың бәрінен өтті. Ол ұлттың өсуіне, әдебиеттің дамуына кедергі болатын кері әрекеттердің барлығын сын садағына ілді. Аманхан Әлім қазақ руханиятының көкжиегін кеңейту үшін ақиқаттан айнымаған қайраткер қаламгер еді. Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!», — делінген жеделхатта.

Аманхан Әлімұлы 1952 жылы 20 қаңтарда Түркістан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылында туған. 1969 жылы сол ауылдағы Амангелді атындағы орта мектепті бітірген. 1975 жылы КазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы бітіреді.

Оқуды бітірген соң «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Лениншіл жас»(«Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» және «Қазақ радиосында» қызмет етті. 

1991-1993 жылдар аралығында Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының жанындағы жоғарғы курсының күндізгібөлімінде оқыды. 

1994-2012 жылдар аралығында «Заң» газетінде жауапты хатшы және шолушы болып қызмет етті. 
Өмірінің соңғы жылдары Қазақ газеттері бірлестігіне қарасты «Ақиқат» журналының бас редакторы болып қызмет атқарды.

«Кездесу», «Жанымның жапырағы», «Ай нұры алақанымда» жыр жинақтарының авторы. «Өткірдің жүзі», «Бес қоңырау», «Атақоныс» публицистикалық және өлеңдер жинағын шығарған. 

Аманхан Әлімұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы 29 қарашадағы жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.



sputniknews.kz