Тоқаев Алматыда сейсмологиялық зерттеу жүргізілетінін айтты

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Ол отырыста табиғи апаттар туралы айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент Алматыдағы зерттеу жүргізіп, оған қомақты қаржы бөлінетінін айтты.

“Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі. Әкімдік үш жылдық зерттеу жұмыстарына қаржы бөледі. Энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесі аса маңызды. Жауапты министрліктер тиісті саланы, ал әкімдіктер аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарауы керек. Әсіресе, төтенше жағдай туындау қаупі бар-жоғын мұқият зерттеу керек. Бұл жұмысқа ғылыми қауымдастықты жұмылдырған жөн. Яғни гидрология, климатология, география, инженерия және өзге де сала мамандарын тарту қажет”, – деді ол.

Сөзінше, мемлекеттік органдар сапалы ғылыми қорытындыға сүйенуі керек. Шешімдер әбден пысықталып, нақты негізделіп барып, қабылдануға тиіс дейді мемлекет басшысы.

Талдау жүргізіп, ахуалды болжау үшін ғалымдардың қолында, зерттеу орталықтарында қажетті құрал-жабдықтар болуға тиіс екенін айтты.

“Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды. Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек»