Тоқаев Алматы әкімдігін сынға алды. 2 мектеп пен 4 балабақша ғана салған

0

Қазақстан президенті оңтүстік астананың дамуына арналған жиын барысында Алматы қаласы әкімдігін сынға алды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы білім беру ошақтары құрылысы, экология және жерді пайдалану мәселелеріне ерекше ден қойды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Президент әкімдікке мектептегі, балабақшадағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен азайтудың жоспарын жасау туралы тапсырма берді. Бұл жобаларды іске асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін еске салды.

«Былтыр екі-ақ жаңа мектеп бой көтерді. Бес мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Орын саны бар-жоғы төрт мыңға көбейді. Сонымен бірге небәрі 670 орындық төрт балабақша ашылды. Екі миллион тұрғыны бар қала үшін мұның қай-қайсысы да жеткіліксіз», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әлеуметтік салаға ерекше назар аударды. Президент ерекше күтімге мұқтаж жандарды қолдаудың және оларға барынша қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мемлекеттің әлеуметтік саладағы басты міндеттерінің бірі деп атап өтті.

Мемлекет басшысы бұл бағытта қала әкімдігі мен жауапты құрылымдар өз жұмысын тиімді атқармай отырғанын тілге тиек етті. Осыған орай қала әкімдігіне мұқтаж жандарды оңалту жабдықтарымен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ, әлеуметтік және басқа да нысандарды тиісті стандартқа сәйкестендіруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполисті инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту мәселесіне жеке тоқталды. Атап айтқанда қаланың Түрксіб және Жетісу аудандарындағы ескі үйлерді қайта жаңғырту қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар көгалдандыру, қаладағы тазалықты сақтау, құрылыс кезінде сейсмологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, таулы аумақтардан жер телімдерін беруге қатаң бақылау орнату мәселелері жайында да айтты.

«Жалпы Алматыда жер тапшы екені белгілі. Бірақ Бас прокуратураның мәліметіне қарасақ, қалада 3,7 мыңнан астам гектар жер пайдаланылмай отыр. Оның бәрін толыққанды экономикалық айналымға енгізу қажет», – деді президент.

Мемлекет басшысы Алматы үлкен айналма күре жолын қаланың орталығымен байланыстыратын жолдар туралы пікірін айтты.

«2021 жылы Абай даңғылын бөлуді аяқтау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа екі миллиард теңге мөлшерінде қосымша қаржы керек екені анықталып отыр. Барлық шығындарды бірден нақты жоспарлауға болмай ма? Әлде мұның басқа бір себептері бар ма?» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысын сынады.

«Бұл – әсіресе, қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы – Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, «Райымбек – Алматы» учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде экологияға, оның ішінде, екінші ЖЭО-ның қайта жөндеу жұмыстарының бағасын қымбаттатпауға және оны созбалаңға салмауға, үшінші ЖЭО-ны жаңғыртуға, жеке секторға газ тартуды аяқтауға, көліктерге жанар-жағармайдың таза түрлерін пайдалануға, қалдықтарды пайдаға жаратуға, Сайран суқоймасы айналасындағы аумақты абаттандыруға және қалпына келтіруге ерекше тоқталды.

«Жасыл» алапты біртіндеп кеңейту өзекті міндет болып отыр. Президент бұл мәселеде ағаштардың заңсыз оталуына және бақтардың жойылуына, оның ішінде, қаланың тарихи орталығындағы көгалдарға қатысты алаңдаушылығын білдірді.

«Қаланы көгалдандыру мәселесінде науқаншылыққа, ұқыпсыздыққа және әлдекімдердің мүдделерін қолдауға жол берілмеуі тиіс. Бұл мәселеде ғылыми көзқарасқа, кәсібилікке, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және қаланы үйлесімді дамытуға басымдық берілуі керек. Алматыға «жасыл қала» мәртебесін қайтаруға міндеттіміз», – деді мемлекет басшысы.

Президент Алматы агломерациясындағы қала маңын және елді мекендерді дамыту қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматы – Қазақстандағы ең үлкен қала ғана емес, еліміздегі агломерацияның ірі орталығы.

Алматы қаласы мен Алматы облысының даму мәселесін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Негізгі сапалы жұмыс орындары қалада жасақталады. Бұл мерзімдік миграцияны ынталандырмай тұрмайды, – деді Президент.Мемлекет басшысы қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды деп санайды. Ол үшін қаланың кейбір аудандарын жарықтандыру, бейнебақылау камераларының интеллектуалдық әлеуетін пайдалану және оларды Жедел басқару Орталығына интеграциялау жөніндегі мәселелерді шешу қажет.

Президент сөз соңында Алматы әкіміне жүктелген міндеттерді мұқият іске асыруды тапсырды. Сонымен қатар берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы президент әкімшілігінің бақылауында болатынын атап өтті.