Тоқаев Абайдың мерейтойын атап өту туралы жарлыққа қол қойды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт 30 мамырда ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Мерейтойды ұйымдастыру жауапкершілігі президент әкімшілігіне жүктелген.
Жарлықта Тоқаев 1 шілдеге дейін мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін жаңғыртуды, Абайдың мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуді, ақын еңбектерін шет тілдерге сапалы аудару сияқты шараларды іске асыруды тапсырады.
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы — қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы әрі классигі. Ол — жүздеген өлең, поэма мен аударманың, философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздердің» авторы.