Тоқаев 9 жасар қыздан эстафета қабылдап, Абайдың өлеңін оқыды – видео
Қысқа сілтеме алу
Президент Абай өлеңдерін оқу эстафетасын білім және ғылым, мәдениет және спорт министрлеріне, әнші Димаш Құдайбергенге жолдады
НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақтан өлең оқу эстафетасын қабылдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Ләйлім-Шырақ қазақтың ұлы ақыны Абай өлеңдерінен үзінді оқып, бұл эстафетаны жалғастыруды президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған екен.
«Мемлекет басшысы Ләйлім-Шырақтың бұл ұсынысын зор қуанышпен қабылдап, кемеңгер ақынның жастарды білім мен ғылымға шақыратын, мақсатыңа жету жолында қажет асыл қасиеттерді атап көрсеткен «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінен үзінді оқып, жауап берді», — деп жазды Берік Уәли.
Оның айтуынша, Тоқаев Абай өлеңдерін оқу эстафетасын одан әрі білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады.
sputniknews.kz