Топырақ бөгет тасқынға төтеп бере ме?
АУЫЛ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ БӨГЕТ
Бірнеше мәрте тасқын қаупі төнген ауылдардың айналасы қазір топырақ жалмен қоршалған. Жергілікті биліктің ойынша, мұндай амал өзен арнасынан шыққан суды бөгеп, үй-жайларды тасқыннан қорғауы тиіс. Кей жерлерде әлгіндей жал тұрғын үйлерге өте жақын орналасқан.
Биыл тасқын басталғалы бері үйлерді су басқан жоқ. Бірақ қауіп әлі сейілмегендіктен билік тасқыннан қорғанудың қосымша шараларын қолға алды. Шенеуніктердің айтуынша, биылғы тасқын кезінде бұрын су шайып кеткен жерлер мен апаттан аман қалған ауылдардың «осал тұстары» байқалған. Жоспар бойынша, топырақ үйінділерін тұрғызудан бөлек, су өткізетін құбырлар тартылып, арналар салынбақ.
Тасқыннан қорғануды күшейту жұмыстары осыған дейін тұрғындары су астында қалудан қауіптеніп, өздерін басқа жаққа көшіруді сұраған Садовое және су тасқынынан бірнеше рет зардап шеккен Чкалово ауылдарында жүргізіледі. Бұл ауылдардағы көп үйлер 2015 және 2017 жылдары болған су тасқынынан кейін әлі толық құрғаған жоқ.
ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ
2015 жылы Ғабиден Мустафин ауылын су басып, ондаған үй бүлінген. Сол кезде комисссия «өмір сүруге жарамды» деп мойындаған кей құрылыс нысандары сол күйі құрғамаған.
Қосымша қорғаныс жұмыстарына қарамастан жергілікті халықтың құлшынысы жоқ: біреулер өзен жағалауынан алыс елдімекенге не Теміртауға көшуге бел буғандарын, басқалары қоныс аударуға дайын болғанымен, барар жері мен қажет қаражаты жоқ екенін айтады.
Виктор Макеев мұнда туғанынан бастап тұрады. Оның барак типтес үйі басқа көршілері сияқты тасқыннан зардап шеккен. Ол 2015 жылға дейін ауылда су тасқыны болмағанын айтады: өйткені су жазыққа жайылып, тұрғындарға қауіп төндірмейтін. Виктордың айтуынша, 2015 жылы өз ауылы мен оған көршілес елдімекенді бір жарым метрлік су толқыны шайып өткелі адамдар «иненің үстінде отырғандай» күй кешіп келеді.
— Бөгетті көтеріп, түбін бекіту керек. Артық суды соңғы сәтте емес, уақытылы басқа жаққа тастап отыру қажет. 2015 жылға дейін ауылды су басқан емес. Биыл су жақындап келгенімен, абырой болғанда, үйге кірген жоқ, — дейді Виктор Макеев.
Жергілікті тұрғын Абдулла Бұланбаев қанша тырысқанына қарамастан, үйінің сызы кетпегенін, қабырғалары жарылып тұрғанын айтады.
— Комиссия үйіміз сүруге жарамсыз деп тапты. Мен үйдің іргетасын бекітіп, жөндеу жүргіздім. Соған қарамастан қабырға жарылып, бұрышқа қарай кетіп барады. Үйдің құлап қалуы мүмкін екені көрініп тұр. Ары қарай не істерімді білмей отырмын: жөндеу жұмыстарын қайта бастап, қабырғаны сүріп тастайын ба, әлде басқа жаққа көшіп кетейін бе? Қалаға көшетін шығармыз. Өйткені қайтадан су астында қалмасымызға кепілдік жоқ. Суды арнасынан шығар кезінде ұстап, мәселенің түпкі себебімен күресу керек. Ол жақтағы бөгетті дұрыс жасамаған сияқты. Сол жақта бірнәрсе дұрыс болмаса, бізді қоршаудың не керегі бар? Су тасыса, мына үйінділерді шайып кетеді, — дейді Бұланбаев.
ҚАУІП АЙМАҒЫНДАҒЫ 17 АУЫЛ
Жергілікті билік ауданның Нұра өзені арнасының бойындағы 17 елдімекен су тасқынынан зардап шеккенін айтады.Бұхар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев жағдайды былай түсіндірді:
— Біз Нұра өзені жақтан су күтіп отырмыз. Бірақ Тұзды ауылдық округі бойынша су өткізу құбырлары тапшы болғандықтан, су ауыл арасына жайылған. Ауылдағы жасы үлкен адамдардың айтуынша, бұрын бұл көшелерді ешқашан су баспаған. Осы жылы су, әйтеуір, сол көшелерге түсті. Біз сараптама жасап, қосымша құбыр қою туралы шешімге келдік. Сосын Көкпекті ауылдық округі бойынша мұқтаждығы бар жерлер кездеседі. Мысалы, қазір үй салынып жатқан жерлерде су бұратын арна жоқ. Красная Нива ауылы бойынша әкім тағы бір каналды іске қосты. Өйткені биылғы су тасқыны кезінде қар сулары мұзды көтеріп әкетіп, канал бойы үлкен мұздықтарға толды. Сондықтан су арнасынан шығып, ауылға қарай жайыла бастады.
Аудандық әкімдік соңғы су тасқыны кезінде анықталған барлық мұқтаждығы бар жерлер мұқият зерттелгенін, су өткізу құбырларын қою жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
— [Мұқтаждығы бар жерлер деп танылған ауылдар:] бұл Ботақара қыстағы, Тұзды ауылы [жатады], Көкпекті ауылдық округінде су өткізу құбырлары бойынша жұмыс жүргіземіз. Қосымша биылғы су тасқыны кезінде мұқтаждығы анықталған Чкалово және Садовое ауылдарын нығайтуға күш саламыз. Жергілікті жердегі әкімдер өз ұсыныстарын білдіріп жатыр. Мысалы, Қызылжар ауылының әкімі топырақтан тұрғызылған үйіндіні биік етуге тырысса, Красная Нивада арықтарды кеңейтуге күш салып жатыр, — дейді Сапар Сатаев.
ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫЛАР ПІКІРІ
Бірқатар экологтар су тасқынынан зардап шеккен халық пікіріне қосылады. Олардың сөзінше, су тасқынынан қорғайтын нысандар «су нөпірін тоқтатуға қауқарсыз», «билік қабылдаған шаралар жеткіліксіз». «Қарағанды облыстық Экологиялық мұражайы» қоғамдық ұйымының сарапшылар тобысу айдынын бақылауда ұстап, өзен арнасын тұрақты тазалап, мұздықтар кедергі тудырмауы үшін оларды уақытылы жарып отыру керегін айтады.
— Бөгетті қазір су тасқыны болып жүрген жерлерге салу керек. Су тасқынына қарсы нысандар тұрғызу қажет. Қазір бізде бар нысандар жаңа заман талаптарына сай келмейді. Мысалы, мен Америкада үлкен бос бетон шұңқыр көрдім. Су тасқыны кезінде артық су соған құйылады. Мұндай нысанды ТМД аумағында көрген емеспін. Одан бөлек, жол құрылысын жоспарлау және салу кезінде су тасқынының қазіргі бағытын есепке алып, жұмыс істеу керек. Адамдарды дайындап, жаттықтыру қажет, — дейді Азаттық сөйлескен ұйым басшысы Дмитрий Калмыков.
Экологтардың сөзінше, су тасқынына климаттың өзгеруі де әсер еткен. Олар қазір елде экологиялық кодекске өзгертулер енгізу талқыланып жатқанын, ал «Қарағанды облыстық Экологиялық мұражайы» қоғамдық ұйымы немістің GIZ халықаралық ықпалдастық ұйымымен бірлесіп, энергетика министрлігіне заңға «климат өзгерісіне бейімделу» ұғымын енгізуді ұсынғанын айтады. Сарапшылар өз ұсыныстарын бұрыннан енгізілуі қажет болған және алдағы уақытта өзектілігі артатын ұғым деп таныстырады. Жаңа ұғымның нормативтік актіден көрініс табуы жергілікті атқарушы органдарға сәйкес шаралар қарастырып, оларды өткізуге қаржы сұрауға мүмкіндік береді.
Елдімекендерде су тасқынынан қорғау амалдары бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ғабиден Мұстафин ауылында топырақ үйінділердің ұзындығы екі өзен тарапынан есептегенде 3,6 километрге созылады. Жергілікті билік барлық жұмыс осы жылдың күзіне дейін аяқталатынын айтты.