«Топан суды өз күшімен бұрған»: Зайытов тасқын суға дайындалған жерлестерін өлердей мақтап тастады
Ринат Зайытов халықтың топан суға өздігінен дайындалғанын да айтып, алғыс білдірді. Бұл туралы ақын, депутат әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Елімізде болған төтенше жағдай бізге біраз сабақ берді. Апаттарға кез-келген уақытта дайын болу соның бірі. Абай облысы Ақсуат, Көкпекті аудандарында үлкен зауалдардың алдын алғаны көрініп тұр. Ия, шығын жоқ емес, бар. Бірақ, салыстырмалы түрде көп кеселден аман. Сапар барысында түсінгенім ең бірінші жергілікті басшылық халықты ұйымдастыра білу керек. Орталықтың көмегі көзді ашып-жұмғанша келе салмайды. Абай обылысындағы жұрт судың тасуына дайындалғаны көрініп тұр. Соның арқасында бірнеше ауыл іргесіне келген топан суды өз күшімен бұрған. Әрине, басы-қасында жергілікті атқамінерлер жүр. Шіркін, Қазақстанның әр ауданында осындай ұйымшылдық болғанда ғой…
Көп жағдайда жергілікті әкімшіліктің қолын жоқтық байлаған. Сонда да көреген халық бірлік танытып, жұмыла әрекет жасаған.
Ендігі кезекте топан судан зардап тартқан елдің шығынын уақытылы өтеп, келесі болуы мүмкін апаттарға барынша дайындалу керек. AMANAT партиясы еліміздің түпкір-түпкіріне өз өкілдерін жіберіп, сол нәтижемен тиісті жұмыстарды жүргізуде. Бастысы, қандай сынақ келсе де бірліктің алмайтын белесі жоқ. Осыны ұмытпайық. Ел аман, жұрт тыныш болғай», — деп жазды ол.
фото: total.kz