«Топан қағаз»: академик Асқар Жұмаділдаев өзінің үстінен арыздардың көп жазылып жатқанын айтты
Танымал математик лауазымды қызметке тағайындалғаннан кейінгі өмірінің қалай өтіп жатқанын айтты.
Академиктің сөзінше, өзінің үстінен домалақ арыздар көбейген. Ғалым оны «тасада отырып тас ату» деп бағалады. Өмірін ғылымға арнаған Жұмаділдаев алпыс жылдан соң қызметке тағайындалған, деп хабарлайды Kznews.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Оның Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президентіне тағайындалғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Асқар Серқұлұлы «Жер, Ғарыш және коммуникациялар туралы ғылым» бөлімшесінің төрағасы ретінде жұмыс тобымен бірлесіп отандық ғылымды ілгерілетуге атсалысады. Алайда ғалым, өзінің өмірі қағазбастылықпен өтіп жатқанына да тоқталды.
«Ғылым академиясы қайта құрылып жатыр. Мені кіргізіп қойыпты ішіне, мені бастық болсын деп. Бұл жерде қашатын ештеңе жоқ. Жұмыс істеп жатқаныма үш ай болды. Үш айда алпыс жыл бойы жазбаған қағазымды жазып шықтым. Топан қағаз. Анда кетіп жатыр, мында кетіп жатыр. Айға кетіп жатыр ма, қайда кетіп жатқанын білмеймін. Өмірі мақтау еститін адам едім, соңғы кезде өзімнің жаман екенімді байқап қалдым. Ол да табиғи нәрсе, оған түсіністікпен қараймын. Енді мына қызықты қараңыз, тасадан тас ату оңай ғой. Тасадан тас атқыштар өте көп екен. Соған таңғалдым», — деді физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі.
Ол еліміздің ғылым саласы ғана емес, өндіс саласында да артта қалған айтты. Оның сөзінше, Үкімет шамасы келгенше жұмыс істеп жатыр, бірақ баяу.
«Жаңа академиялық орта ұсыныстар енгізді. Бірінші, қазақ тілі ғылым тілі болуы керек. Қазақ тілі ғылымы тілі болуы үшін ең алдымен оқулық жазу керек. Ал бізде ондай бірде-бір оқулық жоқ. Мінекей, біздің мақсат осы болуы керек. Мысалы тәуелсіздік деген не? Экономикалық тәуелсіздік, әскери тәуелсіздік, технологиялық тәуелсіздік. Осы үшеуінің ең маңыздысы технология. Технология мықты болса, экономика мықты болады, әскер мықты болады. Кеше коронавирус болды. Маска таба алмай қазақ қырылды. Маска деген шүберек пен резеңке. Сүйтсек қазақта резеңке жасайтын зауыт жоқ екен. Лифт бар. Соның 90 пайызы Қытайдан келеді екен. Бізде лифт жасайтын зауыттар жоқ. Бұл екі жыл сайын бұзыла береді. Сөйтсе оның темірі бұзыла береді екен, ал ондай болаттың түрі бізде өндірілмейді. Бізде патрон шықпайды, патрон деген мыс. Мысты өңдейтін технология жоқ. Менің ұсынысым, осындай шағын технологиялар керек бізге. Бәтеңкенің бауын шығаратын, ине шығаратын, шеге жасау керек», — деді ол.
Ғалым ағылшын тілінде сабақ өтудің де айтарлықтай нәтижелі емес екеніне тоқталды.
«Мен ағылшын тілінде сабақ берем, жетіскеннен емес. Сол үшін маған ақша береді. Қазақ тілінде сөйлесем маған ақша бермейді. Бірақ сабақтан кейін студенттер сұрайды: «Аға осы айтқаныңызды, қазақша айтып беріңізші» дейді. Сонда сұраныс бар. Мысалы, мен математикадан кітап шығаратын болсам, бес адам оқуы мүмкін. Бес көп пе, аз ба? Бес өте көп! Бестен басталып онға жетеді. Міне, біз осылай ойлауымыз керек», — деді академик Асқар Жұмаділдаев.
фото: adebiportal.kz