Тоңазытқыштағы нәресте өлімі. Әріптестері Тоқаевтан дәрігерлердің жазасын жеңілдетуді сұрайды

0

Атырауда облыстық перинаталды орталықтың ұжымы бұрынғы әріптестеріне кесілген үкіммен келіспейді. Олар жаңа туған нәрестені өлтіргені үшін ұзақ мерзімге сотталған болатын.

Перинаталды орталықта мәслихат депутаттары, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков және әкім орынбасары Бақытгүл Хаменова болды.

«Біздің ешқайсымыз сот үкіміне қарсы емес. Алайда өзіміздің ұсынысымызды құжат жүзінде рәсімдеп, оны мемлекет басшысына жеткізе аламыз деген үміттемін. Жазаны жеңілдету үшін шара қолдануға болады деп ойлаймыз. Себебі біздің әріптестерімізге өте қатаң жаза қолданылған.

Осы уақытқа дейін олар көптеген ана мен баланы құтқарды, көп отбасыға бақыт алып келді! Болашақта да біздің әріптестеріміз көп пайда әкеле алатын еді. Медицина қызметкерлері сот процесінің біржақты өткеніне наразы», — деді облыстық перинаталды орталық директорының міндетін атқарушы Асқар Кенжеғалиев.

Ол әріптестерін ақтамайтынын, сондай-ақ, мына жағдайға бей-жай қарай алмайтынын айтып өтті.

«Көп жылдық еңбекке қарамастан, осындай нәрсе болуы мүмкін дегенді көз алдымызға да елестетіп көрмедік. Осыдан кейін жас мамандардан не күтеміз, көзі жалындап тұрмаған жастар не істейді?» — деп қосты Асқан Кенжеғалиев.