Томирис Байсафаның анасы: Мәскеу сотының әділдігіне кері әсер ететін фактор бар

0

Ресейде қайтыс болған қазақстандық студент Томирис Байсафаның өліміне қатысты сот отырысы 26 наурызда Мәскеу уақытымен сағат 13:30-да өтетін болды. Бұған дейін марқұмның анасы істің әділ тергелуін сұрап, Қазақстан мен Ресей билігіне хат жазған болатын. Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Жанна Ахметова істе оң өзгерістердің барын айтты.

Есте болса, осыдан 3 жыл бұрын Ресей астанасында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті қазақстандық Томирис Байсафа қайтыс болған еді. Алғашында ресейлік құқық қорғаушылар оны ғимараттың жоғарғы қабатынан құлап кетті деген қорытынды шығарғанымен, марқұмның анасы мен достары бойжеткеннің өлтірілгенін айтты. Олар Томиристі жігіті терезеден итеріп жібергеніне сенімді. Қазір енді қылмыстық іс «Өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу» бабынан «Адам өлтіру» бабына ауыстырылған. Басты күдікті – Муртузали Меджидов, дағыстандық экс-шенеуніктің ұлы.

«Мен қазір Алматыдамын. Сот онлайн режимде өтеді. Мәскеу уақытымен сағат 13:30-да соттың екінші алдын ала тыңдалымы өтеді. Бұл тыңдалым бірінші сот отырысы ретінде өтуі мүмкін», — деді Жанна Ахметова.

Оның айтуынша, 23 наурызда өткен алғашқы алдын ала сот тыңдалымында күдікті М.Меджидовтың адвокаттары оны кепілмен үй қамағына босатуды сұраған. Алайда, бұл өтініш қанағатсыз қалған.

«Күдіктіні қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы ұзартылды. М.Меджидовтың 3 бірдей пафосты, өзімшіл және өрескел адвокаты және қолдау білдіріп отырған бір топ туысы бар.

Өткен үш жыл уақытта М.Меджидов тарапынан бізден ешкім кешірім сұраған емес. Өкініш те білдірген жоқ. Ол өзін кінәсізбін деп санайды», — дейді Жанна Ахметова.

2018 жылдың 13 сәуірінде ММХҚИ Халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының 4-курс студенті Томирис Байсафа белгісіз жағдайларда ЖОО-ның төртінші қабатының терезесінен құлап кеткен. Көптеген дене жарақатын алған Томирис сол жылдың 3 мамырында Склифосовский ғылыми-зерттеу институтында қайтыс болды.

Марқұмның ата-анасы Дархан Қожабергенов пен Жанна Ахметова объективті және әділ тергеуді талап ететіндерін мәлімдеді. Олар Томирис өзіне қол жұмсады деген тергеу қорытындыларымен келіспеді.

2019 жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Томиристың анасы Жанна Ахметованы қабылдады. Бұдан кейін іске ерекше мәртебе берілгені белгілі болды.

2020 жылдың шілдесінде бұл іс «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіле бастады. Трагедия болған сәтте Томириспен бір аудиторияда болған Муртузали Меджидов күдікті ретінде ұсталды. Ол дағыстандық танымал саяси қайраткер, экс-премьер және бизнесмен Мұхтар Меджидовтың ұлы.


Томирис Байсафа мен Муртузали Меджидов

«Сот шешіміне әсер ететін факт – қомақты ақша. Екіншіден – бедел. Сондай-ақ, сот біздің емес, өзге елдің территориясында өтеді. Ал күдікті – Ресей азаматы. Істі қарап жатқан 8 тәуелсіз алқаби соты бар. Оларға жоғарыда аталған фактілердің әсері бола ма деп қорқып, істің әділ өткенін қалап, мен 3 жылда бірінші рет қазақстандықтардан көмек сұрадым. Ең маңыздысы, бұл – менің аналық жанайқайым емес. Күдіктіні мен 3 жылда бір рет те «кісі өлтіруші» деп атаған жоқпын. Осынша ұзақ уақыт тергеу амалдарының жүргені, көп жұмыстың атқарылғаны күдіктінің кінәсі дәлелденгенін білдіреді дер едім… Өзіңнің балаңа сенсең, соңына дейін күресу керек. Маған қолдау көрсеткен қарапайым азаматтарға, Қазақстан тұрғындарына алғысым шексіз», — деді Жанна Ахметова.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан