Төлеңгіттер төрелікте төрден орын алған

0

Төлеңгіт туралы айтпас бұрын қазақта құл иеленушілер болғаны туралы айтатындардың қорытынды пікірлерін жоққа шығаруды жөн көрдік.

Қазақ, моңғол немесе Кіндік Азиялық көшпенділер құл иелену дәуірін аттап өткені баршаға аян.

Н. А. Аристов «Төлеңгіттер бұрынғы хандар мен сұлтандардың жасауылы, негізінен, ХҮІІІ ғасырда Алтай төлеңгіттерінен қолға түскен тұтқындардан құралған Орта жүздегі құлдар» – дейді.

1931-1932 жылдардағы қиын қыстау заманда аштан қырылып, 1937-1938 жылдары нәубат құрбанына шалынған аш-жалаңаш, өзегі талмастың күнін кешіп отырған қазақ қауымына тағы бір ауыртпалық түскен. Ол – жер аударылып келген поляк, украин, кәрістер. Соғыстан кейін де жер аударылып келушілердің саны күрт өсті. 1953 жылғы статистика бойынша, 1 013 610 адам қазақ даласына жер аударылып келген екен.

Сол адамдардың бәріне дерлік көмек қолын созып, бала шағасының үлесін  «езуінен жырып» соларға төсеген, халық жауы, сатқын, тұтқындарға көмектескені үшін жаза жүктелсе де әрекетін әрі жалғастыра бергені туралы ақпараттан бәріміз де хабардармыз.

Күні бүгінге дейін бар жақсысын қонаққа арнап, «қонақ келеді» деген сөзді бір сәтке аузынан тастамаған халық қолды болған дәрменсіз тұтқындарды құл етуге дәті қалай барсын?!

« . . . Орта Жүздегі құлдар»

Алтай төлеңгіттерінің бүгінгі ұрпағы – «алтайцы» деп аталатын жеке ұлт. Тагна уранхайының бір бөлігі келіп қосылғаннан кейін «алтын көл Уранхайы» деп те аталды. 1764 жылы Манжу империясының билігіне өтіп, әкімшілік тұрғыдан Қобда амбысына қарады.

1860 жылғы Ресей мен Манжу құпия келіссөзден соң Ресей құрамына өткен. Негізгі тайпалары: меркіт, телес найман, ирхэт, цагаанууд, хөвөг. Жалпы саны – 80000 адам шамасында.

Осы халықпен ғасырлар бойы іргелес отырған Орта жүз тайпалары Найман мен Керей, яғни төлеңгіттерден тұтқындап құлдыққа салу мүмкіндігі ең жоғары боп есептелетін де осы екі тайпа.

Монғолия қазақтарында аманнан соң  ру сұрасу үрдісі бүгінге дейін жалғасып келеді әрі сол бейтаныс адамды нағашы, жиен, қайын жұрт, рулас туысқаны, құда-жегжат етіп ала қояды. Бұл, әрине, «Әр қазақ- менің жалғызым» дегенге сайып тұр. Жеті ата санасу ежелден келген қазақи тәрбие, оған қоса, кейіндері жалғасқан ата тек шежірелер нәтижесінде бүгінгі ұрпақ 13-14 атаға дейін жатқа біледі десем, тым артық кетпеген болармын.

Он екі Абақ керейдің түгелдей тоғыз таңба найманның бірнеше руының ата тек шежіресі төңірегінде болғанымда ел билеген билер, көпес, сараң байлар, ұста зергер, ақын жыраулар, ұры-қары, барымташы, қарапайым қойшы, жалдамалы малшы, жалшылар туралы айтылады, ал құл иеленуші және құл болған адамдар туралы ешбір ақпарат болмады.

Күңдерді ұзатылған қыздарының жасауына, құлдарды тұрмыс құрған ұлдарының еншісіне қосқан дейтіндер де бар. Абақ Керей Ботақараұлы Тыныбек ұлы Нұра дүниеге келгенде ұлан асыр той жасап, бірінші ат бәйгесіне үш тоғыз, екінші ат бәйгесіне екі тоғыз, үшінші ат бәйгесіне бір тоғыс қара тіккен. Бұл бәйгеде сыбан байы Ералының қара арғымағы бірінші келіп, жиырма жеті жылқыны айдап қайтқан. Сол Тыныбек бай ұл үйлендірді, қыз ұзатты. Еншігге құл, жасауға күң бермеген.

Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтандар 1737 жылы 12 желтоқсанында Ресей патшайымы Анна Иоанновнаға жазған хатында Байтайлақ 26 адамын тұтқындап келгенін қайтарып беретіні туралы айтылады. Адам тұтқындаудың себебі құлдыққа салу мақсатта емес болар. Шекаралық аумақтарда келіспеушілік пайда болды ма, әлі де сонау Ермак заманындағы азапталған адамдардың қарымтасы ма дегенге нақтылы жауап беру қиын.

Құл туралы мақал мәтелдер «құл» сөзінің қазақ сөз қорына енгенін өзі қазақта құл болғанның дәлелі дейтіндер де бар.

«Баталы құл арымас, батасыз ұл жарымас». Басқалардың ұғымында құл қоғамдағы ең төменгі дәрежелі адам. Бұл жерде құлдың ең төменгі дәрежеде болатынын білмейтін, яғни құл дегенді естісе де көрмеген адам екені анық тұр. Иа ұлына бермеген батаны құлына беріп отыр.

«Құл» сөзі қазақтың сөз қорына енген. Айдаһар, самұрық сөздерін күнделікті қолданамыз. Өкінішке қарай, айдаһар да, самұрық та бұрын соңды болмаған.

Қазақтың қазақилығынан бейхабар қазақ даласымен жүріп өткен басқалардың жеңіл желпі пікірі бойынша біз өз тарихымызды өзіміз бұрмалай беруден тыйылатын күн  қашан туар екен.

Қазақта құл болғаны туралы ақпараттарға негізделіп, Ресей тарапынан қазақтағы құлдықты жоюға шешім қабылдағаны туралы дерек бар. Бұл қазақтағы құлдықты жою үшін «Ұлы жорық» жасау мақсатындағы әрекет пе, жоқ қазақтар сонау құлдық дәуірінде өмір сүріп жатқан мешеу халық екен деген ұғымды әлем жұртшылығына жар салу мақсатында жасалған әрекет пе?

Басқалардың сөзіне еліктеп рухани тұрғыдан жұтаңқы күй кешіп жүруіміздің өзі «рухани жаңғыруды» тым артқа қалдырып бара жатудың нышаны болар.

Төлеңгітке оралайық. Қазақтың бауырмалдығы, туысшылдығы мемелекеттік іске кері әсерін тигізуі мүмкін екендігін білетін ел билеген азаматтар сарай төңірегіне ешкіммен рулас, жерлес емес төлеңгіттерді шоғырландырды. Айналада башқұрт, өзбек, қырғыздар бар. «Сонда неге төлеңгітті таңдаған?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

1452 жылы монғолдын Тайсун ханының інісі Агваржин жонон (ханнан кейінгі сатыдағы мансап) екеуі Біріккен Монғол патшалығын құру үшін Ойрадқа шабуылдайды.

Ойрад Эсэн тайш монғолды жеңу мүмкіндігі тым аз екенін сезіп соғыспай берілу жөнінде ақылдасады. Сонда Эсэн тайшының кеңесшісі Абдула шешен Агваржин жононмен келіссөз жүргізу арқылы Монғолды бұғаттауға мүмкіндік бар екенін айтады. Бұл  Агваржин жонон ағасынан билікті тартып алуға ниеттеніп жүрген тұсы. Абдула шешен жононмен астыртын жүздесіп, өз ісін тындырады. Сонымен Агваржин жонон, Эсэн тайшының біріккен әскерінен ойсырай жеңіліп қашып бара жатқан жолда Тайсун хан өледі. Ал билік үшін бір туған ағасын сатқан Агваржин жононды 1453 жылы жойып Эсэн тайшы хан тағына отырды. Ол  Шыңғысханның ұрпағы емес адамдардан алғаш таққа отырған хан ретінде тарихта қалды.  Үлкен Әбілхайырды Сығанақта тығырыққа тіреген де осы – Эсэн тайшы.

Абдула шешен сол кездегі Ойрад құрамындағы төлеңгіттен. Жалпы ойрадтың сарай кеңесшілері, дипломатиялық іске жұмылдырылатындары төлеңгіттер болған. Бірақ олар Алтын көл урианхайы атымен аталып кеткендіктен кім төлеңгіт, кім урианхай екенін дөп басып айту қиын. Әйтеуір төлеңгіттер дипломатиялық іске шебер халық екенінің дәлелі осы болмақ.

1730 жылы Әбілхайыр ханның  Кіші Жүздің Ресейге өз еркімен қосылуы туралы өтінішін Петербургқа жеткізген елшіліердің арасында Бақбек есімді төлеңгіт, Сәмеке ханның 1732 ылы Петербургқа жіберген елшілер арасында Қашақ есімді төлеңгіт болғаны анық.

Осылай төлеңгіттер төрелікте төрден орын алған халық.

Кейіндері сарай төңірегінде болған бащқұрт, қырғыз, өзбектерді төлеңгіт деп атады да, бұл атау сарай төңірегінде болғандардың жалпылама атауы болып қалыптасты.

Күлмесхан Заупілұлы

Дүниежүзі Қазақ Қауымдастығының

мүшесі, жазушы, аудармашы

«Қамшы» сілтейді