«Төле би» сериалының трейлері шықты

0
105

Фильм Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша түсірілген болатын

НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Әлеуметтік желіде «Төле би» фильмінің трейлері жарияланды.

Фильмнің бас продюсері Нұриддин Паттеевтің айтуынша, жаңа фильм он бөлімнен тұрады. Соның ішінде үш шайқас көрсетілген.

«Төле бидің барлық өмірін көрсету үшін кемінде 80 бөлім керек.  Мысалы, «Ертұғырыл» фильмі бар ғой. Сол сияқты түсіретін болсақ, өте тамаша болар еді. «Төле бидің» он бөлімін сегіз айда түсірдік. Одан кейін алты айдай монтаж жасадық. Ішінде үш шайқас бар. Соның бәрін арнайы эффектілермен жақсы көрсете білдік деп ойлаймын. Әрине, жалғасын да түсіруге болады», – деді Паттеев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Бұдан бөлек, биыл Түркістан облысының бір жылдығына орай «Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы» мен «Түркістан» анимациялық фильмдері шығарылды.

«Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінде Төле би бабамыздың қазақтың басын біріктіріп, жоңғарларға соққы берген кезі баяндалады. Біреуі сол. Екіншісі «Оқсыз оқиғасы» деп аталады. Оқсыз деген қала – бұл Әл-Фараби бабамыздың туған жері. Артынан ол Отырарға көшкен. Ал «Түркістан» анимациялық фильмінде Тәуке ханның тұсындағы шағын бір оқиға баяндалады», – деп атап көрсетті Паттеев.

Айта кетейік, ертең, 14 маусым күні Нұр-Cұлтандағы «Қазмедиа» орталығында барлық анимациялық фильмнің таныстырылымы болады. «Төле би» сериалы да тегін көрсетіледі. Ал елорда күніне орай сериалды «Хабар» телеарнасынан тамашалауға болады.

«Төле би» фильмі – Түркістан облысы әкімдігінің қаржысына түсірілген жоба. Он сериялы фильмге 153 миллион теңге жұмсалды.



sputniknews.kz