Токиодан жағымды жаңалық: Қазақстандық оқушылар 4 медаль жеңіп алды

0

Қазақстандық оқушылар Токиода өткен халықаралық олимпиадада 4 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Білім министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Токиода химия пәнінен 53-ші халықаралық олимпиаданың жабылу салтанаты өтті. Оқушыларымыз бізді жетістіктерімен тағы да қуантты.

Қазақстанның 4 қатысушысы да медаль жеңіп алып, команда қоржынына 3 күміс, 1 қола медаль салды. Осылайша, оқушылар өткен жылдың рекордын жаңартты.

Олимпиаданың өзі Жапонияның Осака қаласында 24 шілде мен 2 тамыз аралығында өтті.

Оған әлемнің 79 елінен 312 оқушы қатысты. Қазақстанның атынан Нұр-сұлтан, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларының оқушылары білімдерін көрсетті.

Олардың барлығы — республикалық олимпиаданың жеңімпаздары.

Күміс медаль иегерлері – Қайырбек Хайдар, Бисенали Санжар, Қасымали Мадияр. Қола медальді Тұрыспекова Әйгерім жеңіп алды.

Олимпиадаға қатысушыларды жоғары жетістіктермен құттықтаймын!

Сіздер дайындықтарыңыздың мықты екенін көрсеттіңіздер. Әр медаль сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен жеңіске деген ұмтылыстарыңыздың нәтижесі.

Сіздерге жаңа шыңдарды бағындыруда сәттілік тілеймін!

Олимпиада жүлдегерлерінің ұстаздары мен жаттықтырушыларына берген білімдері үшін, ал ата-аналарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын.

Өз кезегінде, Білім және ғылым министрлігі оқушыларымыздың зияткерлік жарыстарда көшбасшылық орынға ие болуы үшін жағдай жасауды жалғастырады.

Жақында болған Мемлекет басшысының қабылдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы маған халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды.

Біз Президенттің осы тапсырмасын іске асыру үшін бірқатар заңнамалық өзгерістер дайындадық» деп жазды министр.