Токио Олимпиадасында ерсі қылық көрсеткен Әлиев қатаң жазаға тартылды

0

Франция боксшысы қарсыласын басымен бір ұрғаны үшін жекпе-жектен шеттетілді. Бірақ өзі төрешінің бұл шешімімен келіспей, бір сағат бойы рингте отырып алған еді

Токио Олимпиадасы кезінде төрешінің шешіміне наразылық білдірген француз боксшысы Мурад Әлиев жарыстан шеттеттіліп, оның нәтижесі жойылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Олимпиаданың ұйымдастыру комитетінің мәліметіне сүйенсек, Әлиев спортқа жат әрекеті үшін дисквалификацияға ұшырады.

«Осыған байланысты боксшыға жойылған нәтиже үшін «DQB» белгісі берілуі керек. Сондай-ақ ол осы салмақ дәрежесінен шеттетілуі шарт», — делінген хабарламада.

Айта кетері, Франция боксшысы Мурад Әлиев аса ауыр салмақ дәрежесінде сынға түсті. Токио Олимпиадасының ширек финалында ол британиялық Фрейзер Кларкпен жұдырықтасты. Екінші раундта төреші Әлиевті жекпе-жектен шеттетті. Өйткені боксшы қарсыласын әдейі басымен ұрды деп шешкен.

Французский боксер Мурад Алиев отказался покидать олимпийский ринг после поражения
© AFP 2021 / LUIS ROBAYO
Әлиев Олимпиадада наразылық білдіріп, бір сағат бойы рингтен кетпей қойды

Бұл шешімге ызаланған Әлиев жеңілгенімен келіспей, аузындағы тіссауытын түкіріп тастап, телекамераны жұдырығымен бір ұрады. Осыдан кейін ол бір сағат бойы рингтен кетпей, басқа жекпе-жектерді өткізуге бөгет жасаған. Ақырында тәртіпке бой ұсынып, шаршы алаңнан кеткен.

Мурад Әлиев Мәскеуде туған, бірақ алты жасында отбасымен Францияға көшіп кеткен.