«Тойымызға Грузия президенті қатысты»: Актриса Аянат Есмағамбетова 16 жылдан кейін елге оралып, жаңалығын бөлісті

0

Жарыққа шыққанына 20 жыл болса да ел ықыласына бөленіп келе жатқан “Көшпенділер” фильміндегі басты рөлді сомдаған актриса Аянат Есмағамбетова елге оралды. Ол шетелдегі өмірі мен отбасын халыққа таныстырды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі отандық The DS’ Show бағдарламасына қатысты.

“16 жылдан бері өмірімде өте көп өзгеріс болды. Ең бірінші жаңалығым, тұрмыс құрып, үш баланың анасы атандым. Жолдасым да өнерден алыс емес. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрып жатырмын. 16 жасымда шетелге кетіп едім, содан енді келіп тұрмын. Ол жақта актриса мамандығында оқыдым. Одан кейін кино мен сән әлемінде жұмыс істедім. Негізі шетелге кетуімнің қызыққа толы тарихы бар. Тек бір айға ғана барамын деп ойладым. Театр студиясында білім алғаннан кейін, көп ұсыныс түсе бастады. Жақсы жалақы болды. Елге қайтамын ба әлде осында қалып мүмкіндікті пайдаланамын ба деп ойлап жүргенде жолдасыммен таныстым. Содан тағдырым өзгеріп сала берді. Ол кісі де өнерімді қолдайды. Аздап музыкаға жақын”, – деп ағынан жарылды актриса.

Сондай-ақ өнер иесі өткенге шегініс жасап, “Көшпенділер” жобасын да есіне алды.

“2005 жылы “Көшпенділер” фильміне түстім. Ол кезде жасым 16-да еді. Мені халыққа танытқан ең мықты жоба болды. Бірақ 14 жасымда “Қыз жылаған” фильміне түстім. Ол кезде де халық жақсы қабылдады. “Көшпенділерді” де халық ұмыта қойған жоқ деп ойлаймын. Әбілмансұрдың сүйіктісі Гауһарды сомдаймын. Фильмге қазақ актерларымен қатар шетелдік кино жұлдыздары да түсті ғой, бірақ шетелде тұрсам да әріптестеріммен араласпаймын. Осы фильмнен өте көп тәжірибе жинадым. Атқа отыру, ат үстіндегі трюктарды өзім жасадым”, – дейді өнер иесі.

Сонымен қатар актриса жолдасы туралы да айтты.

“Жолдасым грузин ұлтынан. Америкада жүргенде таныстым. Бизнес саласында жұмыс істейді, бірақ өнерге де жақын. Продюсерлікпен айналысады. Грузияда некелестік. Бақытты сәтімізге куә болған ағайын-туыспен бірге ел президенті Саломе Зурабишвили де қатысты. Біз отбасымызбен бірге араласатын достармыз. Ол кісі мені актриса ретінде таниды екен. Картиналарымды көріпті. Содан тойымызға шақырдық”, – дейді кино жұлдызы.