«Тойда кездесіп тұр ма?»: денсаулық сақтау министріне сұхбат беруге кедергі келтірген әкім сынға қалды (видео)

0

Жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова журналист Әділ Балтабаевқа сұхбат беріп тұрғанда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев министрді құттықтап, журналист пен министрдің сөзін бөліп, сынға қалды. Бұл туралы Kznews.kz тілшісі хабарлайды.

Желіде жарияланған бейнежазбадан 24KZ мемлекеттік телеарнасының журналисі денсаулық сақтау министрінен сұхбат алып тұрғанын көруге болады. Кенет араға әкім келіп килігіп, министрді құттықтап, бетінен сүйгенін және әңгімеге тартқанын көреміз. Келеңсіз жайтқа қалған журналист күтуге мәжбүр болғанын айтады: «Сұхбат жазуға мүмкіндік бермей жатыр. Ақмарал Шәріпбайқызын әкімдер де, министрлер де кезекпен құттықтап жатыр. Қазір құттықтау сөзімен біздің сұхбатты Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев үзіп жіберді…. Бірақ біз ренжімейміз. Бірінші рет тағайындалу деген маңызды екенін түсінеміз. Тілек те маңызды. Сондықтан сабырмен күтеміз».

Сәлден кейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та министрге өзін таныстырып, оны жаңа қызметімен құттықтаған. Журналист әкімдердің министрді құттықтауын күтіп тұруға мәжбүр болған. Алматы мәслихатының экс-депутаты Ақбөпе Әбілқасымова «Обо всем, жестко, но честно» Telegram арнасы арқылы осы жайтқа пікір білдіріп, жаңа министр мен әкімдердің бұл қылығын түсінбей, «тойда кездесіп тұр ма?» деп сынайды.

«Екінші сұрақ, неге әкімдер тарапынан да, министр тарапынан да баспасөзге мұндай құрметсіздік танытылып тұр? Журналистер екінші сорттағы адамдар ма? Егер біреу сұхбат беріп тұрса, бөліп, журналисті біреу сүйіп болғанша күткізіп қою, бұл ең кемі – іскерлік этиканы және қарым-қатынас мәдениетін білмеу, ал зоры – ел президенті жүргізіп отырған саясат пен атқарып отырған рөлін түсінбеу», — деп жазады Әбілқасымова.