Тойда ән салып тұрғанымда доллар шашты, сонда өзімді қайыршы сезіндім — Бауыржан Исаев
Танымал әнші әрі сазгер Бауыржан Исаев «Хабар» арнасындағы «Оян» бағдарламасында қонақ болып, өзінің сахнада неліктен көрінбей кеткенін айтты. Сондай-ақ еліміздің батысындағы ерекше салтқа таңданысын білдіріп, естелігін бөлісті.
«Мені сахнадан алыстап кетті деп айтатындар бар. Негізі, бұл сұраққа жауап беруден шаршамаймын. Өмірімнің 12 жылын оқуға арнадым. Шетелде де дәріс алдым. Өнер адамы білімді болуы керек деп есептеймін. Одан бөлек, шәкірт тәрбиелеп, педагог ретінде өзімді шыңдадым. Бұл да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қазір мұның бәрін тоқтатып, жеке шығармашылығымды реттеп жатырмын», — деді әнші.
Сонымен қатар, Бауыржан Исаев 17 жыл тұрған Алматыны Астанаға неге айырбастағанын да айтты.
«2013 жылы Астанаға көштім. Бұл қалаға тез үйрендім. Тек әлі күнге дейін үйрене алмаған бір нәрсе — бұл Астананың масасы. Қалғанының бәрі жүрегіме жақын. Тіпті, өзім 17 жыл тұрған Алматы мен туған қалам Шымкентті де бұлай іздемеймін. Алматы жайлы жылы естеліктер көп. Сол жақта үйлендім, екі қызым сол қалада дүниеге келді. Бірақ Астананың орны бөлек», — деді өнер жұлдызы.
Сұхбат соңында Бауыржан Исаев Атыраудағы тойлардың бірінде болған жайтты еске алды.
«2001 жылы Құрмаш Маханов екеуміз Атырауда концерт бердік. Әлі есімде, сол концерттің кассасына түскен ақшаны 600 доллардан бөліп алдық. Сол жылдары Атырауда біраз достарым тұратын, солар тойға шақырды. Туыстарының тойы шығар деп, өтінішін жерге тастамай бардым. Тойда әнімді орындап болып қалғаным сол еді, той қонақтары ортаға шығып, ақша лақтырып жатыр. Ештеңе түсінбей, сасқалақтап қалдым. Әнімді айтып біткен соң өзімді қайыршы ретінде сезініп кеттім. Сөйтсем, бұл жақтың, батыстың салты сондай екен. Өнер адамдарына көрсеткен сыйы, ілтипаты. Әлі ұмытқам жоқ, той қонақтарынан 2 мың доллар жиналды. Концерттен 600, тойдан 2 мың доллар алып, елге қайтқанбыз. Батыстың халқын ерекше жақсы көрем, құрметтеймін», — деді әнші.