Той өтіп жатқаны туралы хабарлағандарға берілетін сыйақының мөлшері бекітілді

0

Батыс Қазақстанда банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, отбасылық және өзге де бұқаралық іс-шаралар туралы хабарлаған азаматтарға 20 000 теңге сыйақы беру жөнінде шешім қабылданды

Батыс Қазақстан облысында заңсыз той және басқа да отбасылық шаралар туралы хабарлаған тұрғындарға берілетін сыйақының мөлшері бекітілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Облыстық комиссияның отырысында банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, салтанатты, отбасылық, естелік, салттық және өзге де бұқаралық іс-шаралар (оның ішінде үйде өткізілетін іс-шаралар) туралы хабарлаған азаматтарға 20 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы беру жөнінде шешім қабылданды», — делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқандарды ынталандыруға бағытталған шешім «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» ҚР заңының 8-бабының 3-тармағына сәйкес бірауыздан бекітілді.

«Заңбұзушылықты хабарлау тәртібі келесідей болады. Егер кез келген азамат көпшіліктің қатысуымен өтіп жатқан іс-шараларды байқаса, дереу 102 және 112 нөмірлері арқылы құзырлы органдарға хабарласа алады. Оқиға орнына полиция мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметкерлерінен құрылған арнайы бақылау тобы келіп, құқық бұзушылық фактісін тіркейді. Егер құқық бұзушылық фактісі расталса, азаматқа 20 000 теңге сыйақы төленетін болады», — дейді мамандар.